2023-2024 жылдары аталған компания төрт жобаға деп 1,15 млрд теңге қаржы алған
Алматы қаласында «Bal halal» компаниясының басшысы «Ғылым қорынан» 1 млрд теңгеден аса ақша ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратурамен бірлесіп, «Bal halal» директорына қатысты істі тергеген. Оның барысында 2023-2024 жылдары аталған компания төрт жобаға деп 1,15 млрд теңге қаржы алған. Ол ақшаға өсімдік шикізатынан жаңа үлгідегі макарон жасап шығару және микронутриенттермен байытылған ұн өндіру жоспарланған.
Ал бөлінген ақшаға қажетті құрал-жабдық сатып алу, өндіріс орындарын дайындау, шикізат пен қажетті бөлшектерді алу, құрылғыларды орнатып, жөндеу және өнім өндіруді бастау көзделіпті.
Бірақ тергеу барысында олардың сатып алған жабдықтары жобаларда көрсетілген өнімдерді шығаруға жарамайтыны анықталды.
Директор ақшаны қалтасына басу үшін таныстарының атына тіркелген «SMART 15» компаниясын пайдаланыпты. Жобаға қажетті жабдық сатып алу және түрлі қызметтердің ақысын төлеу керек деген сылтаумен осы компанияға 736,4 млн теңге аударып алған.
Бұдан бөлек, ақша ұрлау үшін «Фабрика рекламы Шымкент», «Jana tan» ЖШС-ларын, «Sisters Brand KZ» жеке кәсіпкерлігін және т.б. пайдаланған.
«Жобалардың орындалғанын тек қағаз жүзінде ғана көрсеткен. Мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай, жұмыстың нақты нәтижесін тексермей толтырылған. Құжаттарды «Bal halal» ЖШС қызметкерлері дайындап, оларға мониторинг топтарының мүшелері қол қойған. Соның нәтижесінде мемлекеттен бөлінген ақшаны тиісті орынға жұмсап жатқандай көрініс жасаған», – делінген ҚМА хабарламасында.
Тергеу барысында, компания басшысы қолма-қол ақшаға айналдырып алған 88,5 млн теңгені заңдастыру үшін «Bal halal» ЖШС-нің банк шоттарына өз қолымен енгізген. Ал осы ақшаны жобаларды бірлесіп қаржыландыруға қосқан өз үлесі ретінде көрсеткен.
«Соның салдарынан жалпы шығын 945 млн теңгеге жеткен. Күдікті қамауға алынды. Соттың санкциясымен күдіктінің жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 5 жер телімі, 4 автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық үй-жай және зергерлік бұйымдар бар», – делінген агенттік хабарламасында.