Ол ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болып, түскен ақшадан өз үлесін алып отырған
Халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматшасын Қазақстан Грузиядан экстрадициялады. Тергеу барысында, оның ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болып, «Kyzdar.net» сайты арқылы жезөкшелерді жарнамалағаны, осылайша жеңгетайлықпен айналысқаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның мәліметінше, ол ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болып, түскен ақшадан өз үлесін алып отырған. Ал қалғанын жезөкшелерге арналған сайттың әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша жеңгетайлық жұмыспен тұрақты айналысып жүрген.
Бүгінге дейін ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болғандардың біразы түрлі мерзімге сотталып кеткен. Алайда жекелеген мүшелері, олардың арасында күдікті де жазадан қашу үшін шетел асып кеткен. Олар халықаралық іздеуге жарияланған.
Биыл шілде айында ол Грузияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға тапсырылды.
«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін «Kyzdar.net» сайтында 9 мың қыздың ғана емес, 500 транстың да анкетасы болғаны хабарланған. ІІМ бірнеше ай бұрын «Kyzdar.net» сайтын ұйымдастырғандар тергеліп жатқанын мәлім еткен.