«Kyzdar.net» сайтында 9 мың қыздың ғана емес, 500 транстың да анкетасы болған – бір күдікті ірі компанияның иесі
Полиция сайттың түпкілікті иесін ұстаған
Биыл маусым айында Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері «Kyzdar.net» интернет-ресурсының серверлік инфрақұрылымының ұйымдастырушылары мен түпкілікті бенефициарларын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Аталған сайттың интернет желісі арқылы жеңгетайлықты жарнамалау және насихаттау, сондай-ақ азаматтарды заңсыз қызметке тарту мақсатында пайдаланылғаны анықталды. Платформада интимдік қызмет көрсетуге арналған шамамен 9 мың анкета орналастырылған, олардың 500-ден астамы дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы адамдар мен трансвеститтердің анкеталары болған», - деп хабарлайды ішкі істер министрлік.
Полиция мұндай қызметтер жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттыратын факторлардың бірі екенін мойындап отыр. Тергеу барысында күдіктілердің IT-компаниялардың бірінің негізін қалаушылары екені анықталған.
«Олар әзірлеген «Kyzdar.net» сайты негізгі жобалардың бірі болып, кейіннен қызмет көрсету саласындағы басқа да заңды IT-өнімдерді әзірлеу кезінде енгізілген бағдарламалық шешімдерді жасау және сынақтан өткізу үшін технологиялық платформа ретінде пайдаланылған. Компанияның дамуы «Kyzdar.net» сайтының заңсыз қызметінен түскен қаржы ағындары есебінен жүзеге асырылған. Алдын ала есептеулер бойынша, олардың көлемі айына 500 миллион теңгеден асқан. Қаржылық операциялардың едәуір бөлігі ақша қаражатының қозғалысын бақылауды қиындату мақсатында криптовалюта құралдарын пайдалану арқылы жүргізілген», - деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
Тінту кезінде олардан 144 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақша, 1,3 миллион АҚШ долларынан астам қаражат, оның ішінде криптовалюта түріндегі 300 мың АҚШ долларынан астам қаржы, қару-жарақ пен оқ-дәрілер, шамамен 150 бірлік компьютерлік және өзге де техника, автокөліктер, құжаттар және қылмыстық іске қатысты басқа да дәлелдемелер тәркіленді.