Жарқыл мен қою түтін: Павлодар облысында трансформатордан өрт шықты
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, өртенген трансформатордан шыққан жалын мен түтін алыстан көрінген. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Ақсу қаласында трансформатор өртенді. Зауыттардың бірінің аумағында электр қондырғысынан өрт шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жеткен. Павлодар облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, өрт сөндірушілер биіктігі 12 метр жерде орналасқан трансформатордың бір бөлігі жанып жатқанын анықтаған.
«Өрт ошағына жақын маңда жедел штаб құрылған. Электр қондырғысының салқындатқыш майы төгілгендіктен, жалынның көршілес өндірістік учаскелерге таралу қаупі болған. Өрт сөндірушілер әуе-механикалық көбікті, сондай-ақ жақын маңдағы нысандарды қорғап, салқындату үшін су оқпандарын пайдаланған. Жедел әрі үйлесімді әрекеттің арқасында оттың одан әрі таралуына жол берілмеді», - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Өрт 40 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Құтқарушылар барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыс істегендерін атап өтті.
Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.