«Kyzdar.net» сайтын ұйымдастырғандар әлі де тергеліп жатыр - ІІМ
Бұған дейін 6 адам ұсталып, сотталған
Қазақстанда жеңілтек қыздар мен притондардың жұмысын жарнамалаған ең ірі «Kyzdar.net» интернет-ресурсын ұйымдастырушыларға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сайт жетекшілеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабы (притон ұйымдастыру және жеңгетайлық) бойынша қылмыстық істі ІІМ мен Қаржылық мониторинг агенттігінің «Криптон» арнайы бөлімшесі бірлесе тергеп жатыр. Істің мән-жайын толық анықтау мақсатында күдіктілердің барлық мүлкі мен банктегі ақшалай қаражатына арест қойылды.
«Қазіргі уақытта күдіктілермен байланысы бар барлық жеке және заңды тұлғалардың қызметі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, мамандар сайтты құру кезінде қандай ақпараттық технологиялардың қолданылғанын анықтауда. Оған қоса, іске қатысы бар тұлғалардың қаржылық ағындары, мүліктері мен шаруашылық қызметін зерттеу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Бұған дейін аталған интернет-ресурстың ел аумағындағы жұмысы шектелгені белгілі болған.
Еске сала кетейік, биыл маусым айында Солтүстік Қазақстан облыстық соты аталған сайттың жұмысына жауапты болған 6 топ-менеджерге қатысты айыптау үкімін шығарды.
Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру, притондар ұстау, заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот шешімімен бір айыпталушы 10 жылға, қалған бес адам мүлкі тәркіленіп, әрқайсысы 8 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, осы жылдың шілде айының басында «Интерпол» көмегімен Грузияда халықаралық іздеуде жүрген шетелдік азамат, аталған сайттың менеджері ұсталды. Қазіргі уақытта оны экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.