ҚМА «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға іздеу жариялады

Автор: Асыл Арман

Ол 414 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді

Фото: «Қызыл-Жар СҚ»

Қаржылық мониторинг агенттігі «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лория Отаровичке халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Григорий Лория Отарович 1954 жылғы 18 наурызда туған. Ол 414 млн теңгеден астам бюджет ақшасын ұрлап, салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.

2023 жылы футбол клубын қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген.

Тергеу барысында, ол бас бухгалтермен және өзге де сыбайластарымен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттар пайдаланған. Сол арқылы бөлінген ақшаны жеке шоттарға аударып алған.

Бұдан бөлек, бухгалтерлік және салық есептеріне әдейі жалған мәліметтер енгізген. Нақтырақ айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысын, еңбекақы төлеу қорын және ұйымның жылдық жиынтық табысын төмендетіп көрсеткен.

«Егер іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз. Байланыс телефондары: +7 (7172) 70-84-78 – кезекші бөлім», – делінген ҚМА хабарламасында.

Айта кетейік, 72 жастағы Григорий Лория – Қазақстанның әйгілі қақпашысы Давид Лорияның әкесі. Давид Лория 2025 жылдың сәуір айында Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы болып тағайындалған. Ол 2026 жылдың 2 маусымы күні қызметінен кетті.