Диалог алаңына кәсіпкер әйелдер, кәсіподақ өкілдері, педагогтер, сарапшылар мен дәрігерлер жиналды
Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін қандай кедергілерді жою керек? Бұл мәселе «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты диалог алаңында талқыланды. «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты ұйымдастырған іс-шарада медицина қызметкерлерінің жалақысы мен еңбек жағдайы, ауыл тұрғындарының цифрлық мүмкіндіктері мен білім берудегі инклюзия мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Әлия Адамбаева Жолдауда отбасы, білім беру және инклюзия мәселелеріне ерекше мән берілгенін атап өтті.
«Жолдау жарияланғаннан бері еліміздің барлық өңірінде 8,5 мыңнан астам кездесу өтті. Бұл – партия мүшелерінің, депутаттардың, сарапшылар мен өңірлердегі әріптестеріміздің қарқынды жұмыс істегенін көрсетеді. Енді келесі кезең басталады», – деді Әлия Адамбаева.
Жиында цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесі қозғалды. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлейменова цифрландыруды тек мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірумен шектеуге болмайтынын айтты. Оның сөзінше, технологиялар жұмыс істеуге, табыс табуға және кәсіп ашуға мүмкіндік беруі қажет.
Мысал ретінде ауылда өз қолымен бұйым жасап немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін әйелдерді атады. Цифрлық сауда алаңдары арқылы олар өнімдерін тек аудан тұрғындарына емес, еліміздің басқа өңірлеріне де сата алады. Бірақ ол үшін интернетпен қатар, төлем қабылдау, тауар жеткізу және цифрлық қызметтерді пайдалану жүйесі де қолжетімді болуы керек.
Депутат мемлекеттік органдар енгізетін ақпараттық жүйелердің тиімділігін олардың санына қарап емес, азаматтардың мәселесін қаншалықты шешкеніне қарай бағалау қажет деп санайды.
«Мысалы, бір мемлекеттік орган ақпараттық жүйені іске қосты делік. Бірақ азамат әлі де қағаз құжат жинап, бірнеше мекемеге баруға мәжбүр болса, мұндай цифрландырудың пайдасы қандай? Жүйе іске қосылды деген есеп жеткіліксіз», – деді Айсұлу Сүлейменова.
Ол отандық IT-саланы дамытудың да маңызына тоқталды. Депутаттың пікірінше, шетелдік бағдарламаларға тәуелділікті азайтып, өз мамандарымыз әзірлеген сапалы әрі қауіпсіз өнімдерді көбейту жаңа жұмыс орындарын ашуға және қазақстандық компаниялардың дамуына жол ашады.
Астанадағы Әйелдер күштері альянсының төрағасы, №91 мектеп-гимназия директоры Алмагүл Сегізбай да мектептің міндеті тек білім берумен шектелмеуі керек деп есептейді. Оның пікірінше, жасанды интеллект дәуірінде оқушылардың цифрлық сауатын, сыни ойлау қабілетін және зерттеушілік дағдыларын дамыту қажет.
«Қазіргі мектеп тек білім беріп қана қоймай, өз бетінше шешім қабылдай алатын, жауапты әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуі керек. Жасанды интеллект дәуірінде цифрлық сауаттылық, сыни ойлау және зерттеушілік дағдылар ерекше маңызды. Дегенмен ешқандай технология мұғалімді алмастыра алмайды», – деді ол.
30 жылдан астам уақыт педагогика саласында еңбек еткен Алмагүл Сегізбай отбасы тәрбиесіне де тоқталды. Оның айтуынша, баланың болашағы үшін отбасы, мектеп және қоғам ортақ жауапкершілік алуы қажет. Әсіресе көпбалалы аналарға, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету маңызды.
Осы ретте Айсұлу Сүлейменова елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мың бала тұратынын айтты. Оның сөзінше, қазір мектеп жасындағы ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың 73 пайызы инклюзивті біліммен қамтылған. Жалпы, 214 мыңнан астам бала тиісті қолдау алып отыр. Бұл көрсеткіш шамамен 90 пайызды құрайды, ал қалған балалар кезекте тұр.
Ол инклюзивті білім беруді дамыту үшін мектеп ғимараттарын пандус пен лифтімен жабдықтау жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пікірінше, балалармен жұмыс істейтін бейінді мамандардың санын да арттыру қажет.
«Бүгінде елімізде 3 мыңға жуық арнайы педагог жетіспейді. Оның 2 мыңнан астамы – логопед. Бұл бағытта белгілі жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, жоғары оқу орындарында арнайы педагогтер даярланып жатыр, биыл осы мамандықтарға 1000-нан астам грант бөлінді. Алайда мұнымен шектелуге болмайды. Мамандарды өңірлерге де жіберіп, олардың барлық жерде қолжетімді болуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Айсұлу Сүлейменова.
Ал «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Шолпан Каринова мұғалімдердің артық жұмыс жүктемесін азайту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, педагогтердің уақытын қағазбастылыққа емес, оқушыларға сапалы білім беруге жұмсауына басымдық берілуі керек.
Депутат мұғалімдердің міндетті құжаттары 2020 жылы арнайы тізіммен реттелгенін еске салды. Оған сәйкес, педагог күнделікті сабақ жоспарын әзірлеп, электронды журнал толтырады, ал жылына бір рет тақырыптық жоспар бекітеді. Әр тоқсанның соңында пән мұғалімі оқушылардың қорытынды бағасын шығарады. Сынып жетекшілерінің де атқаратын міндеттері бар. Олар тоқсан сайын оқушылардың табелін толтырып, әр баланың жеке іс қағазын жүргізеді және тәрбие жұмысының жоспарын әзірлейді. Ал жас маманға тәлімгерлік ететін мұғалімнің бұл бағыттағы жұмысы да ескеріледі.
Шолпан Каринованың пікірінше, педагогтердің жұмыс жүктемесін азайту кезінде олардың негізгі міндеті – балаға білім беру мен тәрбиелеуге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік жасау маңызды.
Сондай-ақ ол елдің барлық өңіріндегі тұрғындарға тең мүмкіндік жасаудың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін білім беру, спорт, мәдениет және денсаулық сақтау инфрақұрылымын бір-бірімен байланысты бағыттар ретінде дамыту қажет. Яғни, азаматтардың қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы білім алып, медициналық көмекке жүгініп, спортпен және мәдениетпен айналысуына жағдай жасалуы керек.
«Басты міндет – әр адамға тұрғылықты жеріне қарамастан, бірдей әрі қолайлы жағдай жасау. Қолжетімді мектептер, спорт және мәдениет нысандары, емханалар мен ауруханалар, абаттандырылған елді мекендер – мұның бәрі халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етуі керек. Сондықтан Мемлекет басшысы Жолдауында өңірлерді нығайту мәселесіне ерекше назар аударды. Әр қала мен ауылдың тұрғыны толыққанды өмір сүруге, білім алуға және дамуға мүмкіндік алуы маңызды», – деді Шолпан Каринова.
Жастардың сапалы білім алуы, ғылым мен технологияны дамыту және кәсіби дағдыларды қалыптастыру жайлы Астана технологиялық колледжінің директоры Ләззат Разбекова сөз сөйледі. Оның айтуынша, білімді, адал әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеу үшін отбасы, мектеп және қоғам бірлесе жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ әр баланың қабілетін ашуға мүмкіндік беріп, инклюзивті қоғам қалыптастыру маңызды.
Диалог алаңындағы тақырыптардың бірі – денсаулық сақтау саласындағы кадрлық әлеует пен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы. Астанадағы Әйелдер қанатының тең төрағасы, эндохирургия клиникасының директоры Салтанат Дженалаева президент Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарына қолдау көрсетуге басымдық берілгенін айтты.
«Себебі учаскелік дәрігерлер, жалпы практика дәрігерлері мен медбикелер халық пен денсаулық сақтау жүйесін байланыстыратын маңызды көпір саналады. Олардың мойнындағы жауапкершілік пен жүктеме де аз емес», – деді ол.
Оның сөзінше, бекітілген норматив бойынша бір учаскелік дәрігерге 1700-ден бастап 2000-ға дейін адам тіркеледі. Ал педиатрлардың бақылауындағы балалар саны жас ерекшелігіне қарай бөлінеді: туғаннан алты жасқа дейінгі 500 бала, алты жастан кәмелетке толғанға дейінгі 900 бала. Бұл көрсеткіштер медицина ұйымдарының штат саны мен халықтың тіркелуіне қарай белгіленген.
«Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап дәл осы мамандардың жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін артатынын айтты. Бұл бастама медицина қызметкерлерінің табысын көбейтумен қатар, саладағы кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді», – деді ол.
Сонымен қатар осы бастамаға қатысты құжаттың әзірленіп жатқанын айтты.
«Бізге қойылған талап бойынша жалақы 1 қаңтардан бастап көтерілуі керек. Сондықтан тиісті құжат та жақын арада әзірленуге тиіс. Мысалы үздіксіз еңбек өтілі бір медициналық ұйымда жұмыс істеген уақытпен ғана есептеле ме, әлде маманның әртүрлі мекемедегі еңбек тәжірибесі де ескеріле ме деген мәселе ашық тұр. Сондай-ақ декреттік демалыста болған және жұмыс орнын ауыстыру кезінде үзіліс болған кезеңдердің қалай есептелетіні әзірге белгісіз», – деді Салтанат Дженалаева.
Жиын соңында барлық ұсыныс қарастырылып, оларды Құрылтай депутаттары мен тиісті мемлекеттік органдар бірге пысықтайтыны айтылды.