«Алланың үлкен сыйы»: Тоқаев қазақ тілінің маңызы жайлы айтты
Президент өз сөзінде әлемде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кеткенін қозғап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп, ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кеткенін қозғап өтті.
«Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын. Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып. Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз», – дейді президент.
Ол сөзін жалғай отырып, осы жерде мазмұнды ойлар, салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар қозғалғанын тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, «Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым екенін атап өтті.
«Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр. Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда. Мен Мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз арасында заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзін мысалға келтірді.
«Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы», – деді мемлекет басшысы.