Бельгия соты «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ақтады
Бельгия прокуратурасы қазақстандық спортшы, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровты 2010 жылы Льеж - Бастонь - Льеж веложарысында ресейлік спортшы Александр Колобневке өзінен озбас үшін 150 мың евро төледі деп айыптаған болатын. Екі спортшы да тағылған айыпты бірнеше мәрте жоққа шығарғанмен, сот процесі бірнеше жылға созылды. Олар 6 айға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін еді.
Алайда, Бельгия соты дәлелдердің жоқтығына байланысты Винокуров пен Колобневті ақтап алды. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлады.
«Бұл мәселеге байланысты соттың әділ шешім қабылдағанына қуаныштымын. Тек алға ұмтыламыз. Біз биыл өте табысты маусым өткіздік, бірақ, алда атқарылатын жұмысымыз да, жоспарымыз да көп. Босаңсуға уақыт жоқ!», - деп жазды Винокуров Instagram парақшасында.