Талдықорғанда көпқабатты үйден өрт шығып, 40-тан астам адам құтқарылды

Жалын шалған жалпы аумақ 23,5 шаршы метрді құрады

Талдықорғанда көпқабатты үйден өрт шығып, 40-тан астам адам құтқарылды
Фото: ТЖМ

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде өрт шықты. ТЖМ-нің «112» құтқару пультіне келіп түскен хабарлама бойынша оқиға орнына төтенше жағдайлар бөлімшелері шұғыл жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнына алғашқы болып келген өрт сөндірушілер 8 және 9-қабаттардың балкондарыотқа оранғанын анықтады. Жалын шалған жалпы аумақ 23,5 шаршы метрді құрады.

Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында өрт қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілді.

Оқиға кезінде тұрғын үйден 35 адам, оның ішінде 11 бала өз бетінше қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Сонымен қатар кәсіби құтқарушылар тағы 7 адамды, оның ішінде екі кәмелетке толмаған баланы құтқарып, эвакуациялады.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен барлық мән-жайы анықталуда.