Алматыда әлеуметтік желіде әдепсіздік танытқан екі азамат жазаланды
Тәртіп сақшылары виртуалды кеңістікте де заң талаптары қатаң сақталатынын ескертті
Алматы қалалық полиция департаменті интернет-кеңістікті тұрақты мониторинг жасау барысында әлеуметтік желілерде дөрекілік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды анықтады. Тәртіп сақшылары виртуалды кеңістікте де заң талаптары қатаң сақталатынын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде екі құқық бұзушылықты анықтады.
Бірінші жағдайда 42 жастағы Ұлдана Мишанова TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде көпшіліктің көзінше дөрекі сөздер айтып, әдепсіздік танытқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ол мас болған. Сот оны кінәлі деп танып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.
Екінші жағдайда 44 жастағы Шамиль Әлиев әлеуметтік желі қолданушыларының атына балағат сөздер жазып, әдепсіз пікірлер қалдырған. Сот шешімімен оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынып, алты ай мерзімге талаптар белгіленді.