TikTok-та балағат сөз айтқан елорда тұрғыны 10 тәулікке қамалды

Оқиға 2026 жылы 7 қарашада сағат 00:30 шамасында болған

TikTok-та балағат сөз айтқан елорда тұрғыны 10 тәулікке қамалды
Фото: pixabay

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында азамат А.-ға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 2026 жылы 7 қарашада сағат 00:30 шамасында болған. А. атты азамат «TikTok» әлеуметтік желісінде азамат Т.-ның тікелей эфиріне қосылып, балағат сөздер айтқан. Осылайша ол қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

Сот отырысында құқық бұзушылық дерегі іс материалдарымен, хаттамамен, жәбірленушінің түсініктемесімен және тікелей эфирдің бейнежазбасымен толық расталды.

Азамат А. өз кінәсін мойындады. Сот оның бұл әрекетін жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай әрекет үшін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сот құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен азаматтың мінез-құлық нормаларын елемегенін ескере отырып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады. Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.