Қазақстанның оңтүстігінде 27 градус жылы, солтүстігінде қар жауып, көктайғақ болады

Демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамы жарияланды

Қазақстанның оңтүстігінде 27 градус жылы, солтүстігінде қар жауып, көктайғақ болады
Фото: istockphoto.com

Алдағы демалыс күндері Қазақстанда ауа райы тұрақсыз болады. Оған ел аумағынан бірнеше циклонның өтуі себеп болайын деп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» мәліметінше, солтүстік өңірлер арқылы солтүстік циклонның жырасы өтсе, 8 қарашадан бастап еліміздің аумағы арқылы оңтүстік циклон жылжиды.

«Қазақстанның басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауса, оңтүстік өңірлер жаңбырлы болады. 8 қарашада батыс өңірлерде қатты жаңбыр, ал 9 қарашада солтүстік-батыс пен батыста жаңбыр мен қар жауады. Қазақстанның солтүстік-батысы мен солтүстігінде көктайғақ болады», – делінген синоптиктер болжамында.

Өңірлердегі ауа температурасы төмендегідей:

  • Батыста: түнде -3…+5°C-тан -8…+3°C-қа дейін, күндіз +5…+15°C-тан +2…+10°C-қа дейін құбылады.
  • Солтүстік-батыста: түнде -1…-8°C-тан -6…+3°C-қа дейін, күндіз +2…+10°C-тан -3…+5°C-қа дейін.
  • Шығыста: түнде -9…+2°C-тан -5…+8°C-қа дейін, күндіз +2…+12°C-тан +9…+17°C-қа дейін.
  • Оңтүстікте: түнде -2…+6 °C-тан +7…+17 °C-қа дейін, күндіз +10…+23°C пен +18…+27°C.
  • Оңтүстік-шығыста: түнде +0…+10°C-тан +7…+15°C-қа дейін, таулы аудандарда -3…-8°C-тан 0…+5°C-қа дейін құбылады. Күндіз +15…+25°C-тан +17…+25°C-қа дейін, таулы аудандарда +10…+15°C шамасында болады.

Еліміздің қалған өңірлерінде ауа температурасының айтарлықтай өзгеруі күтілмейді.