Екі елдің басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды
Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейнді қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, мәртебелі мейманның құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.
«Салтанатты іс-шара барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен король II Абдалла бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң президент оркестрі екі елдің әнұрандарын орындады», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін 5-6 қараша күндері Қазақстанға Иордания королі ресми сапармен келетіні хабарланған. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасы талқыланады.
Бүгін Астанаға ұшып келген Иордания королін Қазақстан президенті әуежайдан өзі күтіп алды.