300 адамнан жауап алынып, 8 адам қамалды: 14 сарбаздың қазасына қатысты тергеу жуырда аяқталады
Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында
Бас прокуратура Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу барысында 14 сарбаздың қаза табуына байланысты тергеу ісі жайлы тың мәлімет жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу жүргізілді. Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Ведомство тергеу барысында қызметіне салғырт қарап, кеме жүргізу ережелерін бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамалғанын хабарлады. Олардың арасында Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.
Бас прокуратура жақын күндері тергеуді аяқтап, оларға іс материалдарын таныстырады.
Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.
Айта кетейік, 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында 14 сарбаз суға кеткен. Қайғылы оқиғаға байланысты бастапқыда бес күдіктінің қолына кісен салынғаны хабарланған.