Шымкентте инфрақұрылым жаңарып, қоғамдық кеңістіктер саны артып келеді

Автор: Асыл Арман

Шымкенттің Еңбекші ауданында 230 мыңнан астам тұрғын тұрады

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жолдардың сапасын жақсарту, тұрғын үй аулаларын абаттандыру және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан бері бірқатар елді мекенде электр желілері жаңартылып, жолдар жөнделді, тротуарлар мен балаларға арналған ойын алаңқайлары салынып, жаңа қоғамдық кеңістіктер пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауданда атқарылған жұмыс пен алдағы жоспар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Досбол Есілбек баяндады.

Жалпы аумағы 22,8 мың гектарды құрайтын Еңбекші ауданында 230 мыңнан астам тұрғын тұрады. Аудан құрамына 18 тұрғын алабы мен 11 шағынаудан кіреді. Бүгінде инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмысы кезең-кезеңімен іске асырылып, ауыз сумен және табиғи газбен қамту деңгейі 97 пайызға, электрмен қамту 99,8 пайызға жеткен.

Инженерлік желілерді жаңғырту аясында 2026 жылы 6,29 шақырым электр желісі мен 4 трансформатор жаңартылды. Қарабастау мен Жұлдыз тұрғын алаптарында қосымша 4 шақырым электр желісі тартылды. Сондай-ақ Базарқақпа тұрғын алабындағы қосалқы станцияның қуаты 10 мың кВт трансформаторы 25 мың кВт жаңа құрылғыға ауыстырылды.

Кәріз жүйесін дамыту бағытында да маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесінде 20 көпқабатты тұрғын үйдің 275 пәтері мен жеке сектордағы 400 абонентті қамтитын кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Ұлағат шағынауданында жүйені іске қосу және абоненттерді қосу жұмысы да назардан тыс қалған жоқ.

Биыл жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту аясында 29 көшенің тұйық бөлігін асфальттау жоспарланып, бүгінге дейін оның 24-інде жұмыс аяқталды. Сонымен қатар 17 көшедегі 19,5 шақырым жол жабыны жаңартылды. Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау үшін 16 көшеде 8 шақырым тротуар төселді.

Су басу қаупінің алдын алу мақсатында ирригациялық жүйелерді дамытуға басымдық берілген. 2026 жылы жоспарланған 20 мекенжайдағы 6,3 шақырым арық жүйесінің 12 мекенжайдағы құрылысы толық аяқталды. Қалған учаскелерде жұмыстар жалғасуда.

Аудан көшелерін жарықтандыру бойынша да нәтижелер бар. 2025 жылы жоспарланған 367 көшеге жарықшамдар орнатылып, пайдалануға берілді. Биыл жарықтандыру жүйесін жаңарту көзделген 8 көшенің 6-ауында жұмыс аяқталды.

Тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асырылып жатыр. 2026 жылы жоспарланған 46 жобаның басым бөлігі орындалды. Атап айтқанда, 34 балалар ойын алаңы, 5 гүлзар және 2 аяқжол жобасы аяқталды. Сонымен қатар ауданда жоспарланған 12 спорт алаңының 11-і пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жаңа гүлзарлар мен Бадам өзенінің жағасын абаттандыру жұмысы жүріп жатыр.

Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалар да жүзеге асырылуда. Момынов пен Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қаратөбе тұрғын алабында М. Әуезов атындағы №96 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдады.

Бұдан бөлек, Елтай тұрғын алабындағы каналдың 910 метр бөлігі бетонмен қапталып, 1 700 метр суағар науа орнатылды. Базарқақпа және Тұрдыабат тұрғын алаптарын байланыстыратын Исрайылов көшесінде ұзындығы 4,76 шақырым төрт жолақты жол салынып жатыр. Жоба аясында тротуарлар, ирригациялық арықтар мен жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыстың 65 пайызы орындалған.

Сонымен қатар Бердіқожа батыр көшесінде Сайрамсу өзені арқылы өтетін ұзындығы 78 метрлік көлік көпірінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Демеушілердің қолдауымен екі жерде жаяу жүргіншілер көпірі де салынды.

Еңбекші ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар тұрғындардың инженерлік инфрақұрылымға қолжетімділігін арттыруға, көлік қозғалысы мен қауіпсіздігін жақсартуға және қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге бағытталған. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, ауданның әрбір елді мекенінде қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға негіз болады.