Астанада әйел адам туысын түрмеден шығарып аламын деп алаяққа 40 млн теңге берген

Автор: Асыл Арман

Сотта жағдайдың қалай болғаны айтылды

Фото: istockphoto.com

Астанада әйел адам түрмеде жатқан туысын шығарып аламын де абайсызда алаяққа 40 млн теңге беріп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта анықталғандай, ер адам танысының істі болып жатқанын біліп, оның туысына жағдайдың оң шешілуіне көмектесетінін айтқан. Алайда оның көздегені тек ақшасын ғана алу болатын.

2023 жылдың қаңтар айында олар ортақ танысы арқылы кездеседі. Осы кездесуде қылмыстық істі шешуге көмектесетін танысы барын айтып, 27 млн теңге сұрайды. Оның сөзіне сенген әйел адам сол жылдың 20 қаңтары күні делдалдар арқылы айтқан ақшасын беріп жібереді. Көмектеседі деп үміттенгенмен туысы 2,5 жылға сотталып кетеді.

Сот үкімі шыққанына қарамастан ол әлгі әйелді тағы да алдайды. Апелляциялық инстанция арқылы істі шешуге болатынын айтып, тағы да 30 мың доллар сұрайды. Сол жылдың қыркүйек айында ол сұраған 30 мың долларын да санап береді.

Осылайша ер адам 27 млн теңге 30 мың долларды алып, тайып тұрады. Тиісінше, бұл жолы да ешқандай көмек көрсетілмейді. Осыдан кейін әйел адам өзінің алданғанын біліп, үстінен арыз түсіреді.

Кейінірек ол 39 млн теңге көлеміндегі ақшаны кері қайтарады. Ал ер адамға сот үкімі шығып, 6 жыл 10 айға бас бостандығынан айырылды.