Кептеліс пен ұзын-сонар кезектен соң: Қазақстанда әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау аяқталды
«Ұмай» ипотекасына 20 млрд теңгенің өтінімі қабылданып, екінші транштың лимиті толды.
«Отбасы банк» әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы бойынша екінші транштың толық игерілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды.
Банктің мәліметінше, «Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау бүгін басталған. Қазақстандық әйелдерге несие беру үшін қаражатты Азия даму банкі бөлген. Бұл – әйелдерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған екінші транш. Оның көлемі 20 млрд теңгені құрады.
«Өтінім қабылдау басталған алғашқы минуттардан-ақ бағдарламаға қызығушылық жоғары болды. Банк дерегіне сүйенсек, сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 12,5 млрд теңге сомасына 524 өтінім қабылданған. Сағат 16:00-де екінші транштың белгіленген лимиті толуына байланысты өтінім қабылдау тоқтатылды. Осы уақытқа дейін қазақстандық әйелдерден жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрайтын 850 өтінім түсті. Оның 352-сі банк кеңесшілері арқылы берілген. Қабылданған барлық өтінім бойынша бағдарламаға қатысушылар несие алуға алдын ала мақұлдау алды», – деп мәлімдеді банк.
Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бағдарламаға деген сұраныстың жоғары болуы оның тиімді шарттарына байланысты. Атап айтқанда, қатысу үшін конкурс талап етілмейді, бастапқы жарна төмендетілген, тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады. Сондай-ақ өтініш берушінің атында баспананың болмауы міндетті емес.
Бірінші транштың (9 млрд теңге) қаражатына өтінім қабылдау 2026 жылғы 31 тамызда өткен. 2026 жылғы 3 қарашадағы жағдай бойынша оның 96 пайызы игеріліп, жалпы сомасы 8,6 млрд теңге болатын 435 несие берілген.
«Бүгінгі өтінім қабылдау – аралық кезең ғана. Бүгін өтінім беріп үлгермеген әйелдер кезекті қаржыландыру транштары түскеннен кейін бағдарламаның келесі кезеңдерінде өтініш бере алады», – деді банк өкілдері.
Бұған дейін 3 қарашадан бастап Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасына өтінім қабылдаудың екінші кезеңі басталатыны айтылды. Бағдарлама аясында 50 млн теңгеге дейін тұрғын үй несиесін алуға болады.
Сондай-ақ Алматыда әйелдерге арналған ипотекалық бағдарламаға ер адамдардың да таласқаны туралы жаздық.