Президент оған жылу беру кезеңінде тұрғындарды және экономиканы көгілдір отынмен тұрақты қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруды тапсырды
«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, Әлібек Жамауов президентке ұлттық компания қызметінің 2026 жылғы нәтижелері және алдағы жылдарға арналған жоспары жөнінде есеп берді.
«Ұлттық компания басшысы президентке қазақстандықтарды және ел экономикасын табиғи газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ QazaqGaz ұлттық компаниясының 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына толық дайындығы туралы мәлімет ұсынды. Әлібек Жамауов мемлекет басшысының геологиялық барлауды жандандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шалқар, Саралжын, Малдыбай, Солтүстік-2, Солтүстік-1 және Аққұдық, Придорожное учаскелерінде жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Сол сияқты ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның ірі инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру барысы баяндады.
Әлібек Жамауовтың айтуынша, жылына 1 млрд текше метр көгілдір отын өңдейтін Қашаған газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Ал оны қолданысқа беру уақыты 2027 жылдың ІІІ тоқсанына жоспарланған.
Қазіргі уақытта Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы бойынша инженерлік жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу жұмысы қолға алынып, құрылыс-монтаждау кезеңі басталды.
Жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеуге қауқарлы Қашаған газ өңдеу зауыты және жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобалары бойынша ЕРС-мердігерлер анықталды.
Бұдан бөлек, «QazaqGaz» ҰК» басшысы президентке салаға цифрлық шешімдер енгізу жайлы да айтты.
«Aqyl Energy бастамасы аясында ЖИ мен деректерді талдау элементтерін қолдана отырып, газбен жабдықтауды есепке алу және басқару үдерісін цифрландыру іске асып жатыр. Газды есепке алуға арналған 1,3 млн-нан астам аспап интеллектуалды есептегіштерге кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр», – деп жазады Ақорда.
Президент бұдан бөлек ұлттық компанияның алдағы жоспарын да білді. Әлібек Жамауов бұл ретте солтүстік өңірлерге – Көкшетау және Петропавл қалаларына көгілдір отын жеткізу, газ-моторлы отын нарығын дамыту, Рудный қаласында жылына 50 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін аз тонналы зауыт салу, 4-ші жерасты газ қоймасының құрылысын жүргізу жұмысы басталғанын айтты.
Кездесу соңында президент жылу беру кезеңінде тұрғындарды және экономиканы көгілдір отынмен тұрақты қамтамасыз ету, тауарлы газ қорын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.