Алты баланың анасы "кеңестік" медалі үшін жәрдемақы талап етті
Ол кеңестік кезеңде алған I дәрежелі «Аналық медалін» «Күміс алқаға» теңестіруді сұрап отыр
Алты баланың анасы Қазақстанда жәрдемақы тағайындау кезінде бала туып, тәрбиелегені үшін берілген кеңестік наградаларды да ескеруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Конституциялық сотқа сілтеме жасап.
Конституциялық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сот азаматшаның Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің ана болуға қатысты атақтар мен наградаларды ескере отырып, жәрдемақы тағайындауды реттейтін 93-бабы 1-тармағының бірінші бөлігі мен 94-бабының 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
«Өтініш беруші бала туып, тәрбиелегені үшін берілген кеңестік наградалар жәрдемақы тағайындау кезінде Қазақстан Республикасының тиісті наградаларымен тең дәрежеде ескерілуге тиіс деп санайды. Оның пікірінше, марапаттау өлшемдері «Күміс алқа» төсбелгісіне ұқсас болғанымен, Әлеуметтік кодексте танылған басқа наградалардан айырмашылығы, «Ана даңқы» орденінің III дәрежесі мен «Аналық медаль» I дәрежесі есепке алынбай қалған. Өтініш берушінің пайымдауынша, мұндай айырмашылық теңдік қағидаты мен азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді», – деп жазылған хабарламада.
Өтініш иесі алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1971 жылғы 26 сәуірдегі және 1975 жылғы 30 қазандағы жарлықтарымен марапатталған. Оған бес бала туғаны және тәрбиелегені үшін «Аналық медаль» II дәрежесі, алты бала үшін I дәрежелі медаль берілген.
«Сотта ол I дәрежелі медальді «Күміс алқа» наградасымен тең деп тануды, тиісті жәрдемақы тағайындауды және моральдық зиянды өндіруді сұрады. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талапты қанағаттандырудан бас тартты», – деді сот.
Конституциялық соттың түпкілікті шешімі «Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес соттың ресми сайтында жарияланады.