Грантқа түсіріп, қызыл диплом алып беремін: Оралда әйел бір топ адамды алдап, ақшаларын жинап алған
Ол 50 мың теңгеден 500 мыңға дейін ақша жинап алған
Батыс Қазақстан облысында оқуға грантқа түсіріп, қызыл диплом алып беремін, сол сияқты басқа да көмек көрсетемін деген әйел адам қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қыркүйек айында Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, бір әйел оған ақылы түрде білім алып жүрген ұлын грантқа ауыстырып беретінін айтып уәде еткен. Сол көмегі үшін 50 мың теңгесін алдап алған.
Тексеру барысында ол әйелдің тағы бірнеше адамды дәл осылай алдағаны белгілі болды. Тергеу барысында оның түрлі қиындықтарды шешіп беретінін айтып, ақша жинап алған. Нақтырақ айтқанда, күдікті әйел ұстаздардың санаттық тестілеуден өтуіне көмектесіп, шекті балл жинап беретінін айтқан. Сол үшін бір адамнан 60 мың теңге, тағы біреуінен 120 мың теңге алған.
Одан бөлек, бірнеше адамға магистратураға түсуге және жоғары оқу орнының дипломын алуға көмектесетінін айтып, ақшаларын сыпырып алған. Ол осылайша әр адамнан 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша алған.
Алайда ешкімге көмек көрсетпеген. Осыдан кейін жәбірленушілер полицияға арызданған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтады. Ол Орал қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Аталған оқиғалар бойынша тоғыз эпизодтан тұратын қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Қазір іс сотқа жолданды. Полиция азаматтарды білім беру саласына қатысты түрлі қызметтерді ұсынып, қиындықты ақылы түрде шешіп беруге уәде ететін адамдарға сенбеуге шақырады. Оқуға түсу, білім грантына ауысу және диплом алу мәселелері бойынша тек ресми ақпарат көздеріне жүгініп, күмәнді ұсыныстар үшін алдын ала ақша бермеген жөн. Алаяқтық байқалған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет», – делінген ПД хабарламасында.