Оған қатысты сот шешімі шықты
Павлодар қаласында әйел адамның үш баласына төлемеген алименті 7 млн теңгеге жуықтап қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өңірде балаларына алимент төлеуден қашып жүрген немесе табысын жасырып, тиісті мөлшерде төлемей жүрген ата-аналар бар.
«Павлодар қаласында полиция бірнеше жыл бойы кәмелетке толмаған балаларына материалдық көмек көрсетуден қашып жүрген әйелді тапты. Оның алимент қарызы 6 миллион 936 мың теңгеге жеткен. Бұл ақша үш баласын асырауға арналуы тиіс еді. Алайда олардың құқықтары мен мүдделері жүйелі түрде бұзылған», – делінген ПД хабарламасында.
Балаларына алимент төлемегені үшін әйел адамға айыппұл салынып, ісі сотқа жолданды. Сот оған 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын белгілеп, 7 млн теңгеге жуық алиментті төлеуге 3 ай уақыт берді. Ол осы аралықта алимент қарызын толық төлемесе, қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.