Атырауда автожол саласының мамандары марапатталды: олар соңғы 5 жылда 870 км жол салған
Олар «Еңбек ардагері» медалімен, «Автомобиль жолдары саласының үздігі», «Автокөлік саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды
Атырауда автожол саласы мамандарының кәсіби мерекесі ерекше жағдайда аталып өтті. Салтанатты жиында сала ардагерлері мен өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып жүрген үздік мамандар марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, саланың дамуына үлес қосқан мамандар «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Олардың қатарында «АВС-Лимитед» мекемесінің тиегіш машинасының операторы Салауат Каркенов, «Атырау-Автопарк» мекемесінің жүргізушісі Ғабит Алпанов, «АЛҒАБАС» мекемесінің экономисі Жасұлан Бисенов, «Ақжайық-Автопарк» мекемесінің кеңесшісі Сағындық Ермеков, «ЛаваТранс» мекемесінің бақылаушы механигі Әліш Әубекеров және «ҚазақДорстрой» мекемесінің зертхана басшысы Көбейсін Абдуллаев бар.
Сол сияқты тағы жеті қызметкер «Автомобиль жолдары саласының үздігі», төртеуі «Автокөлік саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Тағы бірқатар қызметкер саланың дамуына атсалысып жүргені үшін Көлік министрлігінің, облыс әкімінің және Автомобиль жолдары комитеті төрағасының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.


Марапаттау рәсімінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев автожол саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, аймақтың көлік инфрақұрылымын дамыту жоспары жайлы ой бөлісті.
«Атырау облысы әкімінің қолдауымен үш жылдық жоспар аясында Азғыр өңірінен аудан орталығына дейін 282 шақырым жол салу жоспарланып отыр. Қазір Қошалаққа дейінгі жол құрылысы жүріп жатыр. Алдағы жоспар бойынша Асан, Балқұдық және Сүйіндік бағытындағы жолдар салынады. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Атырау-Доссор автожолын кеңейту жұмысы басталады», – деді өңір әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Аймақта соңғы бес жылда 870 шақырымнан астам жол жөнделді. Оның 646 шақырымында құрылыс және қайта жаңғырту жұмысы жүргізілсе, 146 шақырымы күрделі, 78 шақырымы орташа жөндеуден өтті.
Айта кетерлігі, биыл Атырау облысының 52 елді мекеніндегі 82 көшеде жол салынып жатыр. Ал арнайы бекітілген бюджет бойынша 300 шақырымға жуық көлік жолын жөндеу жоспарланған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 200 шақырым жол жөнделді. Қазір жол жөндеу жұмысы жүріп жатыр.