Жиынға алғаш рет «Халық кеңесі» мүшелері де қатысты
Алматы қаласында Ішкі істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Ауқымды жиында қоғамдық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу, полиция қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтардың полицияға деген сенімін нығайту мәселелері кешенді түрде қаралды. Жиынға алғаш рет «Халық кеңесі» мүшелері де қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отырыстың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Заң мен тәртіп» қағидатын одан әрі іске асыру. Ішкі істер министрі Ержан Саденов айқындаған міндеттерге сәйкес, қылмыстың алдын алу, ашықтықты қамтамасыз ету және халықпен кері байланысты нығайту мәселелеріне басымдық берілді.
Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов қылмыс жасалғаннан кейін әрекет етуден оны алдын ала болдырмауға бағытталған жұмыс моделіне көшу шараларын баяндады. Ал Әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету департаментінің бастығы Алмас Әмзеев тәртіп сақшыларының қызмет жағдайын жақсарту және медициналық кепілдіктер мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы жұмыс сапасына тікелей әсер етеді.
Жиын барысында Алматы қаласы мен Алматы облысы полиция департаменттерінің басшылары 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Алматы қаласы ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов пен Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеев заңдылық пен қызметтік тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүргізілген шаралар жөнінде баяндады.