Кімасар шатқалында 1,5 мың шырша егілді: Алматы тауларын көгалдандыру жұмыстары жалғасуда
Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, экологиялық ұйымдар, спорт және мәдениет өкілдері, сондай-ақ белсенді жастар қатысты
Алматы тау кластерін дамыту жобасы аясында Кімасар шатқалында 1 500 түп жатаған шыршасын егуге арналған ауқымды экологиялық акция өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, экологиялық ұйымдар, спорт және мәдениет өкілдері, сондай-ақ белсенді жастар қатысып, табиғи мұраны сақтауға үлес қосты.
Олжас Смағұлов бұл іс-шара таулы аумақтарды көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыстың жалғасы екенін атап өтті.
«Бүгін Алматы тау кластерін дамыту жобасы аясында үлкен акция өтіп жатыр. Бейжай қалмай келген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Мұнда 500-ге жуық адам жиналды және 1,5 мың шырша отырғызылды. Бұл осындай үшінші жоба. Алдағы уақытта да осындай акцияларды өткізіп отырамыз», - деді Алматы әкімінің орынбасары.
Биыл қазан айында Алматының таулы аймағында шамамен 4 мың қылқан жапырақты ағаш егілген. Атап айтқанда, 3 қазанда Көкжайлауда 2 мыңға жуық жатаған шырша, 17 қазанда Шымбұлақта 500-ден астам Тянь-Шань шыршасы егілді. Сонымен қатар Кімасар шатқалында тағы 1,5 мың жатаған шырша егіліп, табиғи экожүйені қорғау жұмыстары күшейтілді.
Экологиялық жауапкершілік халықаралық деңгейдегі туристік инфрақұрылымды құрумен қатар жүргізіліп жатқан басты қағидаттардың бірі.
Акция барысында қала тұрғындары мен еріктілер бірлесіп жұмыс істеді. Бостандық ауданы комьюнити-орталығының жетекшісі Ақарыс Төребеков жастардың бұл бастамаға әрдайым дайын екенін жеткізді.
«Біз, Алматы жастары, ағаш отырғызуға бағытталған акциядан сырт қалмай, белсенді қатысуға келдік. Бұл уақытымызды көңілді әрі пайдалу өткізудің керемет мүмкіндігі. Әрдайым қаланы көркейтуге, қоршаған ортаны қорғауға арналған жұмыстарға қуана қатысамыз», - деді ол.
Шараға танымал спортшылар да қатысты. Таеквондодан Азия ойындарының чемпионы Темірлан Тілеулес табиғатты көркейтудің маңызын атап өтті.
«Бүкіл Алматы үшін бұл игі бастама. Ағаш отырғызу арқылы біз табиғатты көркейтіп, ауаның тазаруына кішкене де болса, үлес қосып жатырмыз. Адамдардың осылай жиналып, бір-біріне көмек беріп жүру де керемет көрініс», - деді Азиада чемпионы.
Ал спортшы Ясмина Тоқсанбаева жаттығуларын үнемі тауда өткізетіндіктен, туған өңірін көгалдандыруға қуана атсалысқанын айтты.
«Біздің жаттығуымыздың бір бөлігі әрдайым тауда өтеді. Жылына екі ай біз тауда жүгіреміз, жаттығамыз. Сондықтан оның көркейіп жатқанына қуаныштымыз. Алматы тауларының менің үйім деуге болады», - деді ол.
Айта кетейік, көгалдандыру үшін Солтүстік Тянь-Шань экожүйелерін сақтауда маңызды рөл атқаратын табиғи символ — жатаған шырша арнайы таңдалып алынды.