ДСҰ басшысы Тоқаевтың «Баршаға арналған денсаулық» тұжырымдамасын іске асыруға қосқан үлесін жоғары бағалады

Халықаралық ұйым басшысы бұл туралы Facebook желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеме жасады

ДСҰ басшысы Тоқаевтың «Баршаға арналған денсаулық» тұжырымдамасын іске асыруға қосқан үлесін жоғары бағалады
Фото: Ақорда

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус Қазақстанның халық денсаулығы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалады. Халықаралық ұйым басшысы бұл туралы Facebook желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тедрос Аданом Гебреисус Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық медицина саласын дамытуға саяси ерік-жігер танытып отырғанын атап өтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Қазақстанда 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын арттыру туралы шешімге оң баға берді. Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қаржыландыру, жалпы практика дәрігерлерінің мүмкіндіктерін кеңейту және медицина кадрларын жүйелі қолдау медициналық қызмет сапасын арттыратыны атап өтілді. Кешенді реформалар азаматтар үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар ДДСҰ басшысы Қазақстанның «Баршаға арналған денсаулық» жаһандық тұжырымдамасын қалыптастырудағы тарихи рөлін атап өтті. Бұл бастаманың негізі 1978 жылы қабылданған Алматы декларациясында қаланған. 2028 жылы тарихи құжаттың қабылданғанына 50 жыл толады. ДДСҰ басшысының айтуынша, Қазақстан декларацияда белгіленген қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асырудың үлгісін көрсетіп келеді.

«Денсаулық сақтау мәселелеріне саяси деңгейде көңіл бөлу өте маңызды. Басқаларға үлгі көрсеткені үшін Қазақстанға алғыс айтамын!» — деп жазды Тедрос Аданом Гебреисус.