«Халықтық құрылыс» бағдарламасын бақылау: сарапшы президент бастамасын дер кезінде қабылданған қадам деп бағалады
Дидар Тебаев президенттің бюджет қаражатын бақылау жөніндегі комиссия құру бастамасын қолдады
Қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметкері, ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі төрағасы орынбасары Дидар Тебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бюджет қаражатын бақылайтын мемлекеттік комиссия құру туралы шешімін қолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшы бұл қадамды жолдауда жүктелген міндеттерді іске асырудағы қисынды бастама деп санайды.
Дидар Тебаев бағдарламаның әрбір кезеңінде ашықтық пен ғылыми негізделген бақылаудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалау жобаны жоспарлаудан бастап, нысанды пайдалануға бергенге дейін жалғасуы керек.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы бастамасын қисынды әрі уақытылы қадам деп санаймын. Бақылау барлық процесті: нысанға деген қажеттілікті бағалау мен оның құнының негізділігінен бастап, орындалған жұмыстарды тексеру мен пайдалануға бергенге дейін сүйемелдеуі тиіс», — деді Дидар Тебаев.
Сонымен қатар сарапшы комиссия жұмысына ғылыми қауымдастық пен түрлі сала мамандарын тарту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бұл жобалардың тиімділігін бағалап, бюджет шығындарының негізділігін анықтауға және ықтимал тәуекелдердің алдын алуға көмектеседі.
«Комиссия жұмысын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуге ғалымдар мен бейінді сарапшыларды тарту маңызды. Экономика, құқық, құрылыс және өңірлік даму саласының мамандары жобаларды бағалау критерийлерін әзірлеуге және олардың тиімділігін талдауға қатыса алар еді. Бұл шығындардың негізділігін бағалауға және тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді», — деді ол.
Сарапшы бағдарламаның нәтижесін тек бөлінген қаражат көлемімен немесе салынған нысандар санымен өлшеуге болмайтынын да атап өтті. Оның пікірінше, басты назар инфрақұрылымдық жобалардың халықтың күнделікті өміріне тигізетін нақты әсеріне аударылуы керек.
«Мен үшін бағдарлама табысының басты критерийі — адамдардың күнделікті өмірін жақсарту: қолжетімді медициналық көмек, заманауи мектептер, сумен жабдықтау, сапалы жолдар. Қаржыландыру көлемін дәл осы нәтижелермен салыстыру қажет», — деп түйіндеді Дидар Тебаев.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құруды ұсынды. Оның құрамына мемлекеттік орган басшылары, депутаттар, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер мен журналистер кіреді.