Осыған дейін әкесі мен баласының видеосы әлеуметтік желіде жарияланған
Полицей болуды армандайтын 10 жасар Сұлтанхан Самұрықты Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров арнайы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде полиция бастығы білім мен тәртіптің маңызын түсіндірді. Сол сияқты оның мектебіне Жас сақшы» полиция сыныбын ашуды тапсырды.
«Сұлтанхан Самұрық департамент пен Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, полицейлермен бірге профилактикалық рейдке қатысты. Кездесу жасөспірімнің полиция қызметіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталды», – делінген ПД хабарламасында.
Айта кетейік, Түркістан облысында полицияның киімін киіп алып, түнгі уақытта көліктерді тоқтатқан 10 жасар баланың әкесі жауапқа тартылған. Сол сәтті баланың әкесі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған болатын.