Тоқаевтың сынынан кейін тасжолдардағы жүк көліктеріне тексеріс күшейді

Автор: Асыл Арман

Қазақстанның бірқатар тасжолында тексеріс жүріп жатыр

Фото: Видеодан скрин

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауынан кейін тасжолдардағы ауыр жүк көліктеріне тексеріс күшейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік министрлігінің мәліметінше, тексеріс «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Астана – Петропавл», «Омбы – Павлодар – Семей – Майқапшағай» және «Қызылорда – Жезқазған» секілді жолдарда жүріп жатыр.

«Рұқсат етілген салмақтан асып түсетін жүк тасымалының жолын кесуге ерекше назар аударылады. Өйткені жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артып алуы жолдардың тез нашарлауына әсер етіп, өзге көліктердің қауіпсіздігіне қатер төндіреді», – делінген ведомство хабарламасында.

Сол сияқты министрлік Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, шамадан тыс жүк артып алған көліктерге қатысты жазаны күшейту және ауыр жүк көліктерін тексеру ісін жетілдіру бойынша заңды тұрғыда шаралар қарастыруда.

Айта кетейік, осыған дейн президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында еліміздегі автомобиль жолдарының сапасын сынға алған.