Жолдаудан кейін Бектенов 25 минут кідірместен министрлер мен әкімдерге тапсырма берді
Бектенов атаған нақты шаралар инфляцияны тежеу, бизнесті қолдау, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауынан кейін бүгін үкіметте премьер-министр Олжас Бектенов ведомство өкілдерін жинап, 25 минут кідірместен министрлер мен әкімдерге нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бектеновтың тапсырмалары инфляцияны тежеу, бизнесті қолдау, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды.
Бектенов келер жылға ведомство басшылары мен әкімдердің алдына бірқатар міндет қойды
Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне 20 қарашаға дейін инфляцияны төмендету және халықтың нақты табысын арттыруды тапсырды. Ал Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктері қысқы азық-түлік қорын қалыптастырып, бағаны тұрақтандыру жұмысын күшейтуі керек екенін айтылды.
Сондай-ақ микро және шағын бизнесті тексеруге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мораторий енгізіледі. Оған қоса, орта бизнесті дамыту жоспары әзірленіп, ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдері бекітіледі.
Премьер-министр мемлекеттік сатып алуға шағын және орта бизнестің қатысуына жол ашуды тапсырды.
Сонымен қатар үкімет басшысы Қаржы министрлігіне бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау үшін жасанды интеллектіні енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы мен көлік салалары да толық цифрландырылсын деп ескертті.
Олжас Бектенов жыл соңына дейін өңірлердегі жолдарға, тұрғын үй-коммуналдық желілерге, мектептер мен ауруханаларға қажеттілікті есептеп құрылыс жобаларының тізімін жасауды тапсырды. Құрылысқа отандық өндірушілерді тарту керек екенін айтты.
Бектенов келесі жылы жөңдеуден өтіп жатқан немесе салынып жатқан барлық өткізу бекеттерінің жұмысын тездетіп аяқтауды тапсырд және Астанаға екінші әуежай салуды кірісуді тапсырды. Сонымен қатар Көлік министрлігіне өңірлердегі жолдардың сапасын реттеуді тапсырды.
Энергетика министрлігіне Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларындағы электр станцияларын уақытынан кешіктірмей салуды тапсырды. Бұдан бөлек, 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерім қайта қарауды тапсырды.
Сондай-ақ үкімет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Денсаулық сақтау саласында 70 нысанның, оның ішінде сегіз перинаталдық орталық пен тоғыз балалар ауруханасының құрылысын жеделдету керегін айтты. Сонымен қатар учаскелік дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын 40 пайызға дейін көтеруге бюджеттен қосымша қаражатты қарауды тапсырды.
Білім беру саласында да 20 инклюзивті мектеп салу, мұғалімдердің артық есептілігін азайту және олардың ар-намысы мен беделін қорғау үшін Оқу-ағарту министрлігіне шаралар қабылдау керегін айтты.
Бұдан бөлек, Үкімет Алатау қаласының сот жүйесіне қатысты заңнамалық түзетулер әзірлеп, жаңа Азаматтық кодекстің жобасын дайындауға кіріседі. Олжас Бектенов барлық тапсырманың орындалу мерзімін сақтап, әр бағыт бойынша жауапты тұлғаларды нақты белгілеуді тапсырды.
Айта кетейік, кеше, 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.