«Өз адамдары жеңу үшін ашады»: Қызылорда облысында мұғалімдер арасындағы конкурсқа қатысты дау туды
Мектеп әкімшілігі конкурсты қайта жариялайтынын айтқан
Қызылорда облысындағы жас мұғалім әлеуметтік желіде шағымданып, жұмысқа қабылданатын конкурстың әділ өтпегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, «nobd.edu.kz» ресми сайты арқылы Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі Есқараев атындағы №27 мектепке жұмысқа орналасуға өтініш берген. Айта кетейік, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесі бүгінде автоматтандырылған. Олар тек ҰБДҚ (НОБД) базасы арқылы бос жұмыс орнын көріп, онлайн конкурсқа қатысады.
Осылайша жас маман құжаттарын электронды жүйе арқылы тапсырған. Ал мектеп әкімшілігі кандидатурасын қабылдағанымен, кейін конкурсты қайта жариялайтындарын және құжаттарды қағаз түрінде тапсыру керек екенін айтқан.
«Егер құжатымыз дұрыс болып, оң шешім қабылданса да, вакансияны қайта жариялайтын болса, «НОБД» сайты не үшін керек?! Мектепке барсам «сайт істемей қалды, басқа үміткерлердің құжаттарын көре алмадық, вакансияны қайтадан шығарамыз және конкурс қағаз түрінде болады» деді. Қағаз түрінде өтетін конкурста ешқандай әділдік болады деп ойламаймын» - деп автор күмәнданғанын жазды.
Желі қолданушылары да пікір бөлімінде іріктеудің ашықтығы мен конкурс нәтижелерінің сақталуына қатысты пікір қалдырған.
«Сіздікі қайта екінші қадамға өтіпті. Біздікі біріншіде қатып қалды. Кім кімді алдап, конкурс жариялайтынын!? Өз адамдары жеңу үшін ашады»,- деп жазған пікір авторларының бірі.
Ал келесі адамның айтуынша, ол құжаттарының қаралған-қаралмағанын да біле алмай отыр.
«Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау конкурсына қатысу үшін НОБД платформасы арқылы қажетті құжаттарымды тапсырдым. Алайда конкурс өткізілгеніне қарамастан, менің құжаттарымның қаралғаны туралы ақпарат жоқ. Осыған байланысты конкурс өткізу тәртібінің әділдігіне қатысты сұрақтар туындайды. Конкурсқа қатысушылардың барлығына тең мүмкіндік беріліп, тапсырылған құжаттар белгіленген тәртіппен толық қаралуы тиіс деп есептеймін», - деді ол.
Ал мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, 23 қазанда ақпараттық базаның жабылуына байланысты құжаттарды қарау мүмкіндігі шектелген.
«2026 жылғы 6 қазанда С.Есқараев атындағы №27 орта мектептің химия және математика пәндері мұғалімдерінің бос лауазымдарына конкурс жарияланып, 11 үміткер құжаттарын жүктеген. Алайда, 23 қазанда ақпараттық базаның жабылуына байланысты құжаттарды қарау мүмкіндігі шектелді. Осыған орай, техникалық қолдау орталығына өтініш жолданып, конкурс қағаз форматында өткізуге келісім алынды. Қайта хабарландыру жарияланып, конкурс рәсімдерін жалғастырды. Білім бөлімі конкурс үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуді және барлық үміткердің құқығы сақталуын басты назарда ұстайды», - деген жауап жазды мекеме.
Редакция тілшісі қандай жағдайда конкурс екінші рет жарияланып, қандай жағдайда ол қағаз форматында өтетінін білу үшін Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады.