Павлодарда автобустарға оқ жаудырған бұзақыға 50 мың теңге айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Павлодарда бес бірдей қоғамдық көлікке оқ атқан қала тұрғынына сот 50 мың теңге айыппұл салып, бір аптаға қамауға алды           

 

 

Фото: Палодар облыстық ПД

Павлодар қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында 32 жастағы қала тұрғынына қатысты екі әкімшілік іс қаралды. Ол өз пәтерінің терезесінен екі автобус пен үш бағдардағы таксиге тапаншадан оқ жаудырған, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Сотталушы екі әкімшілік құқық бұзушылық - пневматикалық қарудан ату және қоғамдық тәртіпті бұзу түрінде ұсақ бұзақылық жасады», - деп хабарлайды облыстық сот.

Сотталушы заңсыз әрекеттерге барғанын толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Сотта ол оқты қоғамдық көліктерге емес ағашқа аттым деп ақталды. Дегенмен, алғашында күдікті автобустарға оқ атқанын мойындап, бұл әрекетін қоғамды көліктердің дауысы демалуына кедергі жасады деп түсіндірген.

Облыстық сот айыпталушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен («ұсақ бұзақылық») жауапқа тартылып, жеті күн мерзімге қамауға алу түріндегі және 436-баптың 1-бөлігімен («атыс қаруынан, газ, пневматикалық қарулардан ату және елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолдану ») пневматикалық тапанша тәркіленіп, 50,5 мың теңге айыппұл салынғанын хабарлайды.

Ал қоғамдық көлік жүргізушілеріне келтірілген залалдың өтелген-өтелмегені хабарламада айтылмаған.

Айта кетейік, осыған дейін Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсталған азамат қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінді деп хабарлаған болатын. «Осы факті бойынша ҚР ҚК 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды». Осы баптың санкциясы 2000 АЕК дейін айыппұл салу немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық қызметке тарту не болмаса екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Еске салайық, Павлодарда өткен жұма күні, 6 қыркүйекте ер адам өз пәтерінің терезесінен қоғамдық көліктерге пневматикалық қарудан оқ атқан.