Экономикада мемлекеттік компаниялардың үлесі азайып келеді
Бүгін energyprom.kz Қазақстандағы мемлекеттік компаниялардың ел экономикасына араласуы азайғанын жазды
Жақында Президент жолдауында «Біздің мемлекеттік компаниялар халықаралық бәсекеге қабілеттілігі күмән тудыратын ірі конгломераттарға айналды. Мемлекеттің экономикаға негізсіз қатысуын азайту үшін мен квазимемлекеттік компанияларды құруға мораторий енгізу туралы шешім қабылдадым» деп айтқан болатын.
Сондай ақ, Үкімет пен Есеп комитетіне үш айдың ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жасауды тапсырды.
Бүгін energyprom.kz Қазақстандағы мемлекеттік компаниялардың ел экономикасына араласу көрсеткіші азайғанын жазды. Шілде айының соңындағы нәтиже бойынша 8,3% болса, өткен жылдың дәл осы аралығындағы көрсеткіш 9,2% құраған.
Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстандағы кәсіпорындардың саны да артқан екен. Былтырғы есеп бойынша 271,6 мың компания болса, биыл олардың қатары 296,6 мыңға жеткен. Алайда, олардың ішіндегі мемлекеттік компаниялардың ел экономикасына араласуы жыл санап азайып келеді. Биыл 8,3% болса, былтыр 9,2% болған, ал осыдан бес жыл бұрын 13,2% көрсеткішке болған.
2016 жылдан бастап мемлекеттік кәсіпорындардың саны азайған. Өткен жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығымен салыстырғанда олардың қатары 1,5% азайған. Өйткені, Қазақстанда мемлекеттің экономикаға араласуын азайтып, оны ЭЫДҰ стандартына жақындату міндеті тұр.
Қазақстанда мемлекеттік компаниялар саны бойынша үші өңір көш бастап тұр, Алматы облысында - 2,24 мың, Түркістанда - 2,23 мың, ШҚО-да - 2,18 мың кәсіпорын бар.