$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.09.2019, 18:10
Жаңалықтар

Шикілігі көп жоба. Алматыда «бюджетке қатысу» бастамасы аяқсыз қалуы мүмкін бе?!

Алматылықтар бюджетті бақылауға құлықсыз

Шикілігі көп жоба. Алматыда «бюджетке қатысу» бастамасы аяқсыз қалуы мүмкін бе?!

Алматыда Қоғамдық кеңес мүшелері «Бюджетке қатысу» бастамасын сынға алды. Кеңес мүшелері биыл сәуір айында қала әкімінің ұсынысын қолдап, «Бюджетке  қатысу» жобасын іске асыруға өздері келісім берген еді. Жобаның мақсаты - Алматыдағы 8 ауданның әрқайсысына 500 млн. теңгеден бөліп беру. Бірақ оны шенеуніктер емес, қарапайым тұрғындар өздері жұмсауы тиіс. Ол үшін халық өзі тұратын ауданды көріктендіруге қатысты идеялар ұсынуы керек. Жұмысты үйлестіру «Алматы қаласын дамыту орталығы» деп аталатын мекемеге жүктелген. Мекеме тұрғындар тарапынан келіп түскен жобаларды электрондық жүйемен қабылдап, арнайы комиссияның қарауына жолдап отыруы керек еді. Алайда жоба шикі болып шықты. Енді орталық мамандары кемшіліктерді түзетуге қосымша уақыт  сұрап отыр. 

Алматылықтар бюджетті бақылауға құлықсыз

Алматы қаласы әкімдігінің стратегия және бюджет басқармасының басшысы Жанар Жазылтаева «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасына тұрғындар тарапынан ұсыныстар қабылдау 19 тамыздан 1 қыркүйекке дейін жүретінін айтты. Сосын әр ауданның жанынан құрылған сараптау комиссиялары түскен жұмыстарды сұрыптауға кіріседі. Ол шамамен жиырма күн уақытты алмақ. Іріктеу комиссиясының құрамында қалалық мәслихаттың екі депутаты, аудандық сәулетші, құрылыс жобалау мамандары мен Қоғамдық кеңестің кем дегенде 4 мүшесі және үкіметтік емес ұйымнан тағы 4 адам болуы міндетті.

ФОТО: Жанар Жазылтаева және Олег Сек

«Ұсынылатын жобалар Алматының даму бағдарламасынан ауытқымауы шарт. Бір жобаға қажетті сома 100 млн. теңгеден аспауы керек. Сөйтіп, тұрғындар өз ауданындарын  көріктендіруге керекті қаржыға қол жеткізе алады. Қала тұрғындары тарапынан келген ұсыныстарды іріктеу 20 қыркүйекте аяқталып, одан жеңіп шыққандары тағы 9 күн бойы арнайы сайтта ашық дауыс беру тәртібімен анықталады.  Ақырында ең лайықты жобалар ғана қалады»

Алайда тұрғындар тарапынан бюджетке қатысуға ниет білдіргендер тым аз боп шықты.  Екі миллионнан астам халқы бар қалада арнайы сайтқа өткен он күнде 30-дай  ғана өтініш тіркелген. Алматы қаласын дамыту орталығының басқарушы директоры Әлия Жақсылықова БАҚ ақылы тиісті ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік желіде де  «бюджетке қатысу» жобасы туралы айтылып жатыр деп ақталды. Бірақ белсенділік тым төмен.

ФОТО: Әлия Жақсылықова. Алматы қаласы даму орталығының басқарушы директоры

Қоғамдық кеңес қандай кемшіліктер тапты?

Ал сейсенбі күні қалалық қоғамдық кеңес  мүшелері «Бюджетке қатысу» мәселесін арнайы талқылады. Бұл қарқынмен 4 млрд. теңге қалай игерілмек деген сауалға ешкім тұщымды жауап қатпады. Сәуір айында осы бастаманы қабылдағанда жұмысшы топтың құрамында болған қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбек Шайх «Азаттық рухы» ақпарат агенттігіне берген сұқбатында негізгі кемшіліктерді атады.

«Келіп түскен жобаларға дауыс беру процедуралары дұрыс ойластырылмаған. Тұрғындар қалай дауыс береді, сол жағы шикі. Егер осының механизмдерін жетілдірмей, фомальды түрде өткізе салса, бұл идеяның өзі құрдымға кетеді. Және бюджетті тек көріктендіру саласына жұмсау дұрыс емес. Қалада ол ең басты проблема деп айтпас едім. Онсыз да әкімдер миллиардтаған қаражатты осы салаға төгіп жатыр. Ендеше әлеуметтік жобалар, халықтың әл-ауқатын жақсартатын идеяларды да қабылдап, соны қаржыландыруды ұсынамын» - дейді ол.

ФОТО: Қазыбек Шайх, Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі

Тұрғындар дайын емес, ендеше асығыстық кімге керек болды?  

Жобаның жүзеге асуына «Urban Forum Kazakhstan» қоғамдық қоры атсалыспақ болған. Қор өкілі бірінші күннен бастап қоғамды осы бастамаға жұмылдырып, насихаттау кампаниясын  жүргізуге ұсыныстар жібергенін, бірақ қала билігі бұл жұмысты «Алматыны дамыту оталығы» деген әкімдікке тәуелді мекемеге жүктеді,- дейді.

«Әкімдік мүмкін мұндай жобаны жүзеге асыруға дайын шығар. Бірақ бюджетті игеруге қатысу үшін тұрғындар әзір емес. Билік бұрынғы ескі әдетімен бәрін жоғарыдан бастауға дағдыланған. Төменнен бастау керек еді. Қарапайым адам үшін әлі түсініксіз нәрсені қалай талап етуге болады? Бірінші санасына құй, сосын қатысуға шақыр. Ол үшін насихаттың қаншама түрін пайдалануға болады. Үкіметтік емес ұйымдардың алаңы, ПИК-тер, аулаларға барып, елмен сөйлесуге ешкімнің ақылы жетпеді», - дейді қор өкілі.

Әділ Нұрмақов, «Urban Forum Kazakhstan» қоғамдық қоры өкілі: 

«Бұл сырттағы Алатау, Наурызбай аудандарындағы миллиондаған халыққа керек. Орталықтағы Алмалы, Бостандық аудандары көріктендіруге зәру емес.»

ФОТО: Әділ Нұрмақов, Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының өкілі

Он бес күн ішінде тың ұсыныстар әзірленуі керек

Әлемдік тәжірибеде партисипативті бюджетті енгізу ең алғаш 1988 жылы Бразилиядағы Порт-Алегри қаласында басталған. Қарапайым азаматтар қала бюджетін  өздері игеріп, ең қажетті салаларға бөлуге атсалысатын механизм ойлап табылады. Осы идея қаланың инфрақұрылымын, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй саласын дамытуға ықпал еткен.  Жобаны кейін  Париж, Лондон, Сеул сәтті жүзеге асырды. Посткеңестік елдерде Мәскеу, Киев, Ош пен Нұр-Сұлтан қалаларында аздап қолданысқа енгізілген. 

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасын әлемдік тәжірибені ескеріп, сауатты жүзеге асыруға әлі де мүмкіндік бар дейді сарапшылар. Президенттің билік пен халықтың конструктивті диалогын қалыптастыруға қатысты берген тапсырмасы тұрғысынан қарағанда, бұл бастама таптырмас құралдардың бірі.  Бірақ жүзеге асыру механизмі «шикі». Қарапайым халықтан тыс беделді сарапшылардың арасында да күмән басым. Жобаның басты операторы «Алматы қаласын дамыту орталығы» екі апта ішінде жоғарыда айтылған кемшіліктерге қатысты ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Қалалық қоғамдық кеңес 15 қыркүйекте  арнайы отырыс өткізеді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #бюджет