Депутат Айсұлу Сүлейменова: Халыққа әдемі сөздер мен есептерден бұрын нақты нәтиже керек
Депутат мемлекеттік бастамалардың тиімділігі олардың қағаз жүзінде қабылдануымен емес, азаматтардың күнделікті өміріне әкелген нақты өзгерістерімен өлшенуі керек екенін айтты
Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлейменова Президенттің Қазақстан халқына Жолдауынан кейін инклюзивті білім беру, цифрландыру және халықтың табысын арттыру мәселелеріне қатысты пікір білдірді. Депутат мемлекеттік бастамалардың тиімділігі олардың қағаз жүзінде қабылдануымен емес, азаматтардың күнделікті өміріне әкелген нақты өзгерістерімен өлшенуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалағанда халықтың өмір сапасына басымдық беру қажет екенін атап өтті. Ол Президент Жолдауында көтерілген мәселелердің ішінен үш бағытқа ерекше назар аударды.
Инклюзивті білім беру: әр балаға мүмкіндік берілуі керек
Айсұлу Сүлейменованың пікірінше, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау тек білім беру саласының міндеті емес. Бұл бағытта денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым және мамандар даярлау жүйелері өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажет.
Депутат Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар екенін айтып, олардың әрқайсысына жеке қолдау көрсету маңызды екенін жеткізді.
Оның сөзінше, баланың даму ерекшеліктерін ерте анықтап, қажетті көмекті уақытында көрсету оның болашағына тікелей әсер етеді.
«Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала бар. Бұл жай ғана сан емес, әрқайсысының өз арманы, өз болашағы бар балалар», – деді Айсұлу Сүлейменова.
Цифрландырудың пайдасын әр азамат сезінуі керек
Депутат цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқан кезеңде олардың халыққа қолжетімділігіне назар аудару қажет екенін айтты.
Оның пікірінше, цифрландырудың нәтижесін жаңа платформалар мен жүйелердің санымен ғана бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы – олардың азаматтардың күнделікті мәселелерін шешуге қаншалықты көмектесетіні.
«Әсіресе ауыл жастарына, жұмыс іздеп жүрген азаматтарға, кәсіпкерлерге және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға цифрлық қызметтер арқылы жаңа мүмкіндіктер ашылуы керек. Цифрландырудың нәтижесін тек жаңа жүйелер мен платформалардың санымен өлшеуге болмайды. Оның нақты пайдасын қарапайым азамат сезінуі тиіс», – деп атап өтті депутат.
Ең төменгі жалақының өсуі халықтың тұрмысынан көрінуі керек
Айсұлу Сүлейменова халықтың табысын арттыру мәселесіне де тоқталды. Ол ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі тапсырманың маңызын атап өтті.
Сонымен бірге депутат жалақының номиналды өсуімен қатар, азаматтардың сол табысқа күнделікті қажеттіліктерін қаншалықты өтей алатыны да маңызды екенін айтты.
«Халық үшін жалақының қағаз жүзінде өскені емес, сол табысқа қаншалықты жақсы өмір сүре алатыны маңызды», – деді ол.
Депутаттың пікірінше, білім алу мүмкіндіктері шектеулі болса, баланың қабілеті толық ашылмайды. Цифрлық технологиялар қолжетімсіз болса, олардың игілігін қоғамның барлық мүшесі бірдей көре алмайды. Ал табыс күнделікті қажеттіліктерді өтеуге жетпесе, экономикалық өсімнің нәтижесі халыққа толық сезілмейді.
«Халыққа әдемі сөздер мен есептерден бұрын нақты нәтиже керек»
Құрылтай депутаты мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру барысын бақылау және олардың халыққа тигізетін пайдасын бағалау маңызды екенін атап өтті.
«Мен үшін депутат ретінде ең маңыздысы – мәселені көтеріп қана қою емес, оның нақты шешімін табуға атсалысу. Айтылған бастамалардың қалай жүзеге асып жатқанын, халыққа қандай пайда әкеліп жатқанын назарда ұстау. Өйткені халыққа әдемі сөздер мен есептерден бұрын нақты нәтиже керек», – деді Айсұлу Сүлейменова.
Депутаттың пайымынша, инклюзивті білім беруді дамыту, цифрлық мүмкіндіктердің қолжетімділігін арттыру және халықтың табысын көтеру өзара байланысты міндеттер. Бұл бағыттарда қабылданған шешімдер азаматтардың өміріне нақты оң өзгеріс әкелгенде ғана ел дамуының нәтижесі толық көрінеді.