Президент: Құрылтай депутаттарына да үмітім зор
Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның егемендігін нығайтып, ішкі тұрақтылықты сақтауын маңызды міндеттің бірі ретінде атады. Осы ретте ол Құрылтай депутаттарына сенім білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс. Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз. Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор», - деді ол.
Президенттің айтуынша, осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды.
«Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұны ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет екені атады.