Астанада әуежай қызметкерлері «бомба бар» деп әзілдеген шетел азаматын рейстен түсірді
Ол ұшаққа мінер алдында әуежай қызметкеріне әзілдеген
Астана әуежайында «бомба бар» деп әзілдеген шетел азаматы рейстен түсірілді. Авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көлік полициясы оған қатысты қатаң шара қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Терроризмге қарсы орталықтың мәліметінше, жолаушы ұшар алдында өзінде жарылғыш құрылғы бар екенін әзілдеп айтқан. Өз кезегінде әуежай қызметкерлері оның бұл сөзіне қатысты қауіпсіздік талаптарына сай жылдам әрекет еткен.
Осыдан кейін ол тексеріліп, бірден рейстен түсірілді. Ал оқиғаның мән-жайы құзыретті органдардың қарауына берілді.
«Әуежайларда жарылғыш заттар бар екені туралы кез келген мәлімдеме, тіпті әзіл ретінде айтылса да ықтимал қауіп ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайлар міндетті түрде тексеруді талап етеді және заңда көзделген құқықтық салдарға әкелуі мүмкін. Авиациялық қауіпсіздік саласында жолаушылар мен экипаждың өмірі мен денсаулығын қорғау басты басымдық болып саналады. Сондықтан жарылғыш құрылғылар туралы жауапсыз мәлімдемелерге жол берілмейді», – делінген хабарламада.