Арқалықта көпір үстінде тұрған жасөспірім қыз бала мұздай суға құлап кетті (ВИДЕО)
Оқиға 27 қазанға қараған түні болған
Арқалықта кәмелет жасына толмаған жасөспірім қыз бала көпірден мұздай суға құлап кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Tobolinfo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 27 қазанға қараған түні болған. Сол түні жасөспірімнің анасы полиция қызметкерлеріне хабарласып, қызының үйден кетіп, қайта оралмағанын айтты.
Тәртіп сақшылары хабар түскен бойда дереу іздеуге кірісіп, Орталық жедел басқармасының камераларынан қыз баланың көпірде тұрғанын байқайды. Сол жерге патруль қызметкерлері аттанады.
Оқиға орнына жеткен полицейлер қыз баланың мұздай суға құлап кеткенін байқайды. Бастапқыда олар жасөспірімді жіппен шығарып алмақ болғанмен, артынша суға түсіп барып, шығарып алған.
Қыз баланы судан шығарғаннан кейін дереу жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырады. Оқиғаға қатысты іс кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі бөлімге тапсырылды.