Алматыда «R.O.I.» қаржы пирамидасының басшысы елден жинаған ақшаға 25 пәтер мен бірнеше көлік сатып алған

Қаржы пирамидасына 275 адам қатысып, 217 млн теңгесін салып жіберген

Алматыда «R.O.I.» қаржы пирамидасының басшысы елден жинаған ақшаға 25 пәтер мен бірнеше көлік сатып алған
Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Алматыда тұтыну кооперативі атын жамылып жұмыс істеген, елден ақша жинаған «R.O.I.» қаржы пирамидасының былығы әшкере болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар жұртты жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына алдап шақырған. Ал қатысу үшін үлестік жарна төлетіп, соның арқасында қомақты ақша жинап алған.

Табысқа кенелемін деп келген жаңа қатысушылардың ақшасы нақты кәсіпкерлік қызметке емес, бұрын келген мүшелер алдындағы міндеттемелерді өтеуге жұмсалған. Қаржы пирамидасына 275 адам қатысып, 217 млн теңгесін салып жіберген.

Белгілі болғандай, тергеу барысында ұйымдастырушылар кеңес беру қызметінің құны деген желеумен кооперативтен 94 млн теңгені таныстарына, оның ішінде «Кәусар» жеке кәсіпкерлігінің есепшоттарына аударып жіберген.

Ал 2022 жылы былықтары әшкере болып, сот дауы басталғаннан кейін олар Алматыда «ShynSaulet», «Berekeli Shanyrak», «Aya-Aru», «Jasmin», «USCoop» және «Baiterek» атты алты жаңа тұтыну кооперативін құрған. Олар тікелей «R.O.I.» тұтыну кооперативі басшысының бақылауында болған. Сол сияқты түскен ақшаны басқа шоттарға аудару үшін жеке сот орындаушылары бұғаттаған негізгі кооперативтің банк шоттарын айналып өткен.

«Қаржы пирамидасын ұйымдастырған адам екі айға қамауға алынды. Соттың рұқсатымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді», – делінген ҚМА хабарламасында.