Екібастұзда баласы мүгедек болған әке әділдікке жете алмай жүр: дәрігерлер мәселені «медициналық құпия» деп жауып қойды

Екібастұз қаласының тұрғыны Кенже Егімбаев қызының мүгедек болып қалуына дәрігерлерді кінәліп, министрден көмек сұраған еді

Екібастұзда баласы мүгедек болған әке әділдікке жете алмай жүр: дәрігерлер мәселені «медициналық құпия» деп жауып қойды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Жуырда жазғанымыздай, Екібастұз тұрғыны Кенже Егімбаев қызы ауырған кезде, қаланың ауруханасында тиісті аппарат болмаған соң, Павлодарға апаруға мәжбүр болғанын айтқан еді. Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттасқан ол қызы осыдан екі жыл бұрын алты айлық кезінде осы ауруханада тиісті медициналық көмек берілмеген соң мүгедек болып қалғанын айтты. Сондықтан, Кенже Егімбаев мәселені ашық көтеріп, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға бейнеүндеу жолдаған еді. Кенже Егімбаевтың айтуынша, қызына гидроцефалия, көру жүйкесінің атрофиясы және эпилепсия диагноздары қойылған. Баласы үшін әділдік іздеген әке медициналық көмектің сапасына қатысты күмәнін білдіріп, осы жағдайға байланысты тиісті тексеру жүргізуді талап еткен. Оның айтуынша, Екібастұз ауруханасында маман аз, кейбір аппараттар жоқ. 

Осыдан кейін редакция Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдап, ауруханадағы жағдайды, медициналық жабдықтардың жұмысын, дәрігер тапшылығын және тұрғынның шағымына қатысты қандай шаралар қабылданғанын сұрады.

Редакцияға жолданған жауапқа қарап, Екібастұз қалалық ауруханасында жағдайдың мәз емес екенін аңғардық. Маман тапшылығы мен медициналық жабдықтың жетіспеушілігі науқастардың жағдайына әсер етіп отыр. Атап айтқанда, компьютерлік томография аппараты 2026 жылғы 16 тамыздан бері істемейді, ал медициналық мекемеге 15 дәрігер қажет. Алайда тұрғынның қызына көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты сауалымызға заңнамадағы шектеулерге байланысты жауап беруден бас тартты.

Тұрғынның шағымына қатысты сұрақтар жауапсыз қалды

Редакция ауруханаға қатысты жағдайдың мән-жайын анықтау үшін жолдаған жеті сұрағына нақты жауап ала алмады. Денсаулық сақтау басқармасы мұны медициналық құпия мен қолжетімділігі шектелген ақпаратқа қатысты заңнама талаптарымен түсіндірген.

Осылайша, редакцияға берілген жауапта Кенже Егімбаевтың қызына көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты баға берілмеген. Сондай-ақ шағым бойынша қандай тексеру жүргізілгені және оның нәтижесі қандай болғаны туралы толық ақпарат ұсынылмаған.

КТ аппараты екі айдан бері жұмыс істемейді

Бұған дейін Кенже Егімбаев қалалық ауруханада не тиісті маман, не қажетті технология жоқ екенін, бар болған күннің өзінде істемейтінін айтқан болатын. Бұл жағдайды да анықтау үшін Денсаулық басқармасынан тұрғын айтқан КТ аппаратына қатысты сұраған едік.

Ресми жауапқа сәйкес, Екібастұз қалалық ауруханасындағы компьютерлік томография аппараты рентген түтігінің бұзылуына байланысты 2026 жылғы 16 тамыздан бастап жұмыс істемейді.

Аурухана әкімшілігі аппаратты жөндеуге қосымша қаражат бөлу мәселесі 2026 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде қаралатынын хабарлады. Алайда ресми жауапта жөндеу жұмыстарының нақты мерзімі көрсетілмеген.

«Ал магниттік-резонанстық томография (МРТ) стационарда емделіп жатқан пациенттерге медициналық көрсетілімдер болған жағдайда жасалады. Қызметті аурухана аумағында орын жалдап отырған «Orion Medicals» ЖШС шарт негізінде көрсетеді», деп мәлімдеді Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.

Ауруханаға 15 дәрігер қажет

2026 жылы Екібастұз қалалық ауруханасына сегіз дәрігер жұмысқа келген. Соған қарамастан, медициналық мекеменің мәліметінше, қазір тағы 15 маман қажет.

Олардың қатарында екі неонатолог, екі акушер-гинеколог, бір анестезиолог-реаниматолог, екі невролог, екі педиатр, бір терапевт, үш радиолог және екі инфекционист бар.

Әсіресе радиология саласындағы үш маманға қажеттілік пен КТ аппаратының істен шығуы назар аудартады. Дегенмен ресми жауапта маман тапшылығының аппараттың жұмысына немесе науқастарға көрсетілетін қызметтің көлеміне нақты қалай әсер етіп отырғаны түсіндірілмеген.

«Ауруханада бір балалар неврологы жұмыс істейді. Әкімшілік бекітілген штаттық кесте мен төсек қоры бойынша қосымша маман қажет емес екенін мәлімдеді. Ал балалар гастроэнтерологының штаттық бірлігі қарастырылмаған. Аурухана асқазан-ішек жолдарының стационарлық емдеуді қажет етпейтін негізгі аурулары емхана деңгейінде диагностикадан өткізіп, емдейді», деп түсіндірді Басқарма.

Медициналық жабдықтар мен қызмет сапасы

Кенже Егімбаев шағым түсірген Екібастұз қалалық аурухана әкімшілігінің мәліметінше, мекеменің қажеттілігіне жыл сайын қаржы аударылады. Ал  жоғарыда атап өткен осыдан бірнеше жыл бұрын істен шыққан және соңғы уақытта тағы да КТ-ның жұмыс істемеуіне қатысты мәселе шешімін таппаған. Яғни аппараттың нақты қашан іске қосылатыны белгісіз.

Кенже Егімбаевтың шағымына қатысты негізгі сұрақтар әлі де ашық қалып отыр. Редакция тұрғынның шағымына қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне де сауал жолдайды.