Алматы тауларында құтқарушылар 16 жастағы жасөспірімге көмектесті

Автор: Дәулет Ботагөз

Жіберілген геолокация деректерінің арқасында құтқарушылар жасөспірімнің жүрген жерін тез арада анықтаған

Фото: ТЖМ

Алматы қаласының Медеу ауданында, теңіз деңгейінен 3 332 метр биіктікте орналасқан Скалистый шыңының маңында құтқарушылар арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары таудан түсе алмай қалған 2010 жылы туған жасөспірімге жедел көмек көрсетті.

Жіберілген геолокация деректерінің арқасында құтқарушылар жасөспірімнің жүрген жерін тез арада анықтаған.

Мемлекеттік өртке қарсы қызмет пен құтқару жасағының қызметкерлері жасөспірімді «Эдельвейс» шлагбаумына дейін аман-есен алып түсіп, туыстарына тапсырды. Ол медициналық көмекке мұқтаж болмаған, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.