Астанада Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі өтті

Іс-шараға 3 500 адам қатысып, шығармашылық кәсіп иелері 5 миллион теңгеден астам өнім сатты

Астанада Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында 24-25 қазанда Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Креативті индустрияларды дамыту қорының «Creative Aimaq» жобасы аясында өткен бұл шараға қолөнер шеберлері, дизайнерлер, өнер өкілдері мен инновациялық жоба авторлары қатысты.

Екі күнге созылған көрме-жәрмеңкеде астаналықтарға ұлттық киімдер, авторлық әшекейлер, кілемдер, қыштан, киізден, теріден және ағаштан жасалған бұйымдар ұсынылды. Іс-шараға 3 500 адам қатысып, шығармашылық кәсіп иелері 5 миллион теңгеден астам өнім сатты. Мәдени бағдарлама аясында «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетіп, Жұмат Шанин атындағы театр ұжымы «О, қала!» әдеби-музыкалық спектаклін сахналады. Сонымен қатар «САҚ» киностудиясының «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» және «Ахмет» анимациялық туындылары көрсетілді. Келушілер ұлттық әшекей жасау, киіз басу және құрақ көрпе тігу бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.