Түркияда қазақстандық бойжеткен биіктен құлап қаза тапты: СІМ

Автор: Дәулет Ботагөз

Қаза тапқан бойжеткеннің аты-жөні — Айсұлу Бекмаханова

Фото: DHA

Түркияның Стамбул қаласында Қазақстан азаматы биіктен құлап, көз жұмды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі қайғылы оқиғаны ресми түрде растады. Оқиға 25 қазанда таңертең Стамбулдың Шишли ауданында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түрік DHA агенттігінің хабарлауынша, бойжеткен алтыншы қабаттың балконынан көрші ғимараттың шатырына өтуге әрекеттенген. Қазақстандық азамат шатырға өту кезінде аяғын қате басып, төмен құлаған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем мамандары оны аман алып қала алмады.

Агенттік мәліметінше, қаза тапқан бойжеткеннің аты-жөні — Айсұлу Бекмаханова. Ол Түркияға қыркүйек айында туристік визамен келген.

ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломаттардың марқұмның туыстарымен байланыста екенін және қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта Түркияның құзыретті органдары тергеу амалдарын жүргізуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда, мәселе ҚР СІМ бақылауында.