Астанада кішкентай қызға тиіскен ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Оқиға туралы жергілікті тұрғындардың бірі Threads әлеуметтік желісінде жазған
Астана қаласындағы «Бағыстан-4» тұрғын үй кешенінде кішкентай қызға тиісу дерегі бойынша полиция зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.
Оқиға туралы жергілікті тұрғындардың бірі Threads әлеуметтік желісінде жазып, бейнебақылау камерасына түсіп қалған күдіктінің суреттерін жариялады.
Тұрғындар үйдің қауіпсіздік деңгейінің төмендігіне наразылық білдіруде. Тұрғын үй кешені 2025 жылдан бері пайдалануға берілмей келеді, ал камералар тек кіреберіс аузында ғана орнатылған. Осыған байланысты аула мен паркинг аумағына бөгде адамдар кедергісіз кіре береді.
Полиция аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 121-1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл бапта 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Құқық қорғау органдары тергеудің өзге мән-жайларын жариялауға шектеу қойылғанын хабарлады. Ал тұрғын үй тұрғындары күдіктіні тез арада тауып, заң аясында жауапқа тартуды сұрап отыр.