Жамбыл облысында Тараз станциясының теміржол вокзалы жаңартылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Екі қабатты вокзал ғимаратын қайта құру нәтижесінде оның жалпы ауданы 3 035 шаршы метрді құрады

Фото: ҚТЖ

Жамбыл облысында Тараз станциясының теміржол вокзалын кешенді қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Екі қабатты вокзал ғимаратын қайта құру нәтижесінде оның жалпы ауданы 3 035 шаршы метрді құрады.

Жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың қасбеті травертинмен безендіріліп, жертөлесіне отандық гранит плиталары төселді. Сондай-ақ отандық өндірістің энергия үнемдейтін екі қабатты терезелері бар «жылы» жүйе орнатылды. Ішкі бөлмелер жанбайтын заманауи материалдармен әрленіп, дыбыс өткізбейтін төбелер және тозуға төзімді еден жабындары пайдаланылды. Бұдан бөлек, шатыр, барлық инженерлік коммуникация, перрон мен іргелес аумақ толық жөндеуден өтті.

Тараз станциясының вокзалы бірінші класқа жатады және өңірдегі негізгі көлік хабтарының бірі саналады. Вокзал тәулігіне орта есеппен 2 444 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларына және Ресейге қатынайтын 36 жолаушылар пойызы өтеді.

Жаңартылған вокзал жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтерді.