Шетелде оқып жатқан студенттер Республика күніне орай челлендж ұйымдастырды
Шетелде білім алып жатқан отандық жастар әлеуметтік желіде арнайы видеожазба жариялап, мерекенің тарихи маңызын атап өтті
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен шетелдік студенттер Республика күніне орай ерекше мерекелік флешмоб ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шетелде білім алып жатқан отандық жастар әлеуметтік желіде арнайы видеожазба жариялап, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясының тарихи маңызын атап өтті.
Мерекелік бастамаға АҚШ-тың беделді Гарвард университетінде оқып жатқан қазақстандық студенттер де белсене қосылып, отандастарға ыстық лебіздерін білдірді.
«Сіздерді Гарвард университетінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер және «Болашақ» стипендиаттары атынан Республика күнімен құттықтаймыз! Көк туымыз әрдайым биікте желбіресін!», — деді Айгерім Ерлан.
Сондай-ақ Гарвард университетінің қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің стипендиаты Алуа Ерлан да барша қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтады.
Тағы бір бейнероликте домбыраның күмбірлеген күйі аясында әлемнің әртүрлі елдерінен келген шетелдік студенттер де бой көрсетті. Олар камераға қарап, ана тілімізде «Қазақстан, Республика күні құтты болсын!» деп тілектерін арнады.
Студенттер Тәуелсіздік жастар үшін әлемнің кез келген нүктесінде білім алып, тәжірибе жинауға жол ашқан басты құндылық екенін ерекше атап өтті.