25 қазанға арналған ауа райы болжамы жарияланды
Жексенбі күні ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі
«Қазгидромет» синоптиктерінің болжамынша, 25 қазанда ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Дегенмен, республика бойынша тұман түсіп, батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жел күшейеді. Батыс пен оңтүстік өңірде шаңды дауыл соғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
«Қазгидромет» мамандары бірқатар өңірде ауа райының қолайсыз болатынын ескертті. Жетісу, Жамбыл және Алматы облыстарында түнде ауа температурасы -1…-10°C дейін төмендеп, үсік жүреді. Батыс және оңтүстік өңірлерде екпінді жел соғып, кей жерлерде шаңды дауыл тұруы мүмкін. Сондай-ақ түнгі және таңғы уақытта елдің басым бөлігін тұман басады.
Еліміздің бірқатар өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Төтенше өрт қаупі Қызылорда және Атырау облыстарында, Ақтөбе облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында, Қарағанды облысының батысында, Маңғыстау облысының орталығында, Ұлытау облысының батысы мен орталығында, Жетісу облысының шығысында және Түркістан облысының солтүстігінде болжанады. Ал Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Жетісу облыстарының кей өңірінде жоғары өрт қаупі күтіледі.