Маңғыстауда 1,5 мыңнан астам мұғалім жарты жыл жалақысыз жұмыс істеген
Басқарманың мәліметінше, төлем үдерісіне «OrtaBilim» платформасындағы өзгерістер мен техникалық пысықтау жұмыстары да әсер еткен
Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы жекеменшік мектептерде мұғалімдердің жалақысы уақытында төленбей жатқаны туралы әлеуметтік желіде жазба жарияланды. Жазба авторының айтуынша, кейбір мұғалімдер мамыр айынан бері еңбекақысын алмаған. Ал жұмысқа жаңадан орналасқан жас мамандар қыркүйектен бері жалақысыз еңбек етуге мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желі қолданушысы мұғалімдердің бірнеше ай бойы жалақысыз қалғанын айтып, жауапты мемлекеттік органдарды мәселені шешуге шақырды.
«Еңбекақы – сыйлық емес, адал атқарылған еңбектің заңды өтемі! Біз артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Біз тек өз еңбегіміздің ақысын уақытында алуды талап етеміз!» – деп жазды ол.
Жазбада мұғалімдердің жалақысы не себепті кешігіп жатқаны және мәселенің қашан шешілетіні туралы сұрақ көтерілген. Осыған байланысты редакция мән-жайды анықтау үшін Маңғыстау облысының білім басқармасына жүгінді.
Басқарманың мәліметінше, облыстағы 54 жекеменшік мектепте 18 мыңнан астам оқушы білім алады, ал педагогтер саны 1 581 адамды құрайды. Бұл білім беру ұйымдары мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жұмыс істейді. Мектептер «e-Qazyna.kz» цифрлық жүйесіндегі «OrtaBilim» платформасы арқылы цифрландырудан өтіп, тиісті келісімшарттар жасаған.
Білім басқармасы бұған дейін мектептерге тиесілі қаражат толық төленгенін атап өтті. Ал қазір жаңа төлемдерді аудару жұмысы жүріп жатыр. Мектептер ұсынған құжаттар тексеріліп, қаражатты қазынашылық арқылы кезең-кезеңімен аудару басталған.
«Қаржыландыру бекітілген тәртіпке сәйкес жақын арада толықтай аударылады. Мәселе басқарманың тұрақты бақылауында», – деп хабарлады ведомство.
Басқарманың мәліметінше, төлем үдерісіне «OrtaBilim» платформасындағы өзгерістер мен техникалық пысықтау жұмысы да әсер еткен.
Осылайша, білім басқармасы қаржыландыруды жақын арада толық аяқтауға уәде беріп отыр. Алайда мұғалімдердің жалақысы нақты қай күні түсетіні және әлеуметтік желіде айтылған мамыр айынан бергі берешектің толық өтелген-өтелмегені туралы мәлімет әзірге нақтыланбады.