Көктайғаққа байланысты Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарындағы жол учаскелері жабылды. Қозғалысты 23 қазанда сағат 08:00-де ашу жоспарланған
Көктайғаққа байланысты республикалық маңызы бар жолдардың кейбір учаскелерінде көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
«2026 жылғы 22 қазанда сағат 20:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «Өскемен – Риддер – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолының 15–105-шақырым аралығында (Белоусовка кенті – Риддер қаласы) тіркемесі және жартылай тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі», – делінген ұлттық компанияның хабарламасында.
Жолды 2026 жылғы 23 қазанда сағат 08:00-де ашу жоспарланып отыр.
Қарағанды облысында да ауа райының нашарлауына байланысты жол қозғалысына шектеу енгізілді. 2026 жылғы 22 қазанда сағат 21:00-ден бастап республикалық маңызы бар KAZ 15 «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» автожолының 60–265-шақырым аралығында (Ботақара кенті – Бақты ауылы) жазғы дөңгелекпен жүрген көліктердің барлық түріне қозғалысқа шектеу қойылды.
Бұл жол учаскесін де 23 қазанда сағат 08:00-де ашу жоспарланған.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» синоптиктердің болжамына сүйеніп, түнгі және таңғы уақытта Ақмола, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында жаңбыр аралас қар мен қар жауатынын ескерткен. Кей жерлерде көктайғақ болуы мүмкін.
«Жүргізушілерден барынша мұқият болуды, жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтауды, жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды және аса қажеттілік болмаса, сапарға шықпауды сұраймыз. Әсіресе, шиналардың жай-күйіне назар аудару қажет. Жазғы дөңгелекпен жүру көліктің сырғанап кету және жол-көлік оқиғасына ұшырау қаупін едәуір арттырады», – деп ескертті жол қызметі.