«Ненің еті екені белгісіз»: Астанада заңсыз ет цехынан 360 келі өнім табылды

Цех ветеринариялық құжаттарсыз жұмыс істеген. Мамандар шығу тегі белгісіз 360 келі қосалқы өнімді өртеп жіберді

«Ненің еті екені белгісіз»: Астанада заңсыз ет цехынан 360 келі өнім табылды
Фото: pixabay.com

Астанада қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген заңсыз ет өңдеу және мүшелеу цехы анықталды. Тексеруден кейін мамандар жүздеген келі өнімді жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясына сілтеме жасап.

Цех «Мал ұрлығы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған.

Тексеру барысында цехтың ветеринариялық-санитариялық қорытындысыз және есептік нөмірсіз жұмыс істегені белгілі болды. Бұл құжаттар ет өнімдерін заңды түрде өңдеу үшін қажет.

Инспекторлар тексеру кезінде қой етінен сынама алып, оны Астанадағы ветеринариялық зертханаға зерттеуге жіберген.

Сонымен қатар мамандар шығу тегі белгісіз ірі және ұсақ қара малдың 360 келі қосалқы өнімін анықтады. Барлық өнім «Астана-Ветсервис» кәсіпорнының арнайы пешінде өртеліп, жойылды.

Кінәлі адамға айыппұл салынды. Алайда ведомство айыппұлдың нақты мөлшерін жарияламады.